Кемелбек Ойшыбаев «Хабар Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды
Кемелбек Ойшыбаев «Хабар Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгіннен бастап «Хабар» Агенттігі Акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқаруға кірістім.
Басты мақсатымыз агенттіктін «Хабар», «Хабар 24», «Ел арна» арналарының телеөменімдерін дамытып, халыққа керекті, қызықты жасау. Жастарымызды тәрбиелеу, ағартушылықпен дұрыс жолға салу бағытында нәтижелі болуымыз үшін интернет желілерінде арналарды конкурентті түрде, қарқынды, дамытуымыз керек.
Осы мақсаттарға агенттіктің командасымен бірге жету үшін бар күш қуатымды, тәжірибемді және білімімді жұмсауға дайынмын.
Мемлекетіміздің басшылығына, төл министріміз Балаева Аида Ғалымқызына Aida Balayeva сенім білдіргендері үшін алғыс», -деп жазды Кемелбек Ойшыбаев өзінің facebook парақшасында.
Ойшыбаев Кемелбек Бақтығұлұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» мамандығын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Швейцарияда Geneva Business School (MBA) оқу орнын бітірген.
Кемелбек Ойшыбаев «Столичное обозрение – Атамұра» газетінде, «Интерфакс-Казахстан» ақпараттық агенттігі» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС, «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ, «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ, «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты, Ұлттық Медиа Қауымдастығы т.б. мекемелерде және ондағы бөлімдерде басшылық қызметтер атқарған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болған.