Жаңалықтар

Мектептерде буллингке қарсы бағдарлама енгізіледі

Фото: kursiv.media

Оқу-ағарту министрлігі барлық білім беру ұйымдарында қолдану үшін Буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама әзірлеп жатыр. Бұл жайлы оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.

Бұл бағдарламаны дайындау үшін мамандар талдау жүргізіп, статистикалық мәліметтерді зерттеген. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинақтап, қауіп факторлары да анықталған. Осыларды зерделей келе балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін қандай ресурстар пайдалануға болатыны белгілі болған.

«Бағдарлама аясында балаларға буллингтің не екені түсіндіріледі. Балалар мен мұғалімдер бір-бірін түсініп, мәселелерді бірге шешуді үйренеді. Балалардың жалғыз емес екенін білуге тиіс. Мектептерде проблемалар туындаса, ересектермен сөйлесуге болатын орындар жасалады. Балалар, мұғалімдер, ата-аналар бірге жұмыс істейді. Аталған бағдарлама тәрбие компонентіне, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарын өткізу бөлігінде болады», – дейді вице-министр.

Бұл бағдарламаның нәтижесін онлайн-модуль және білім беру ұйымдарында буллингтің әкімшілік деректерін ай сайын жинау арқылы тексереді.

Сонымен қатар жаңа оқу жылының басынан бастап барлық білім беру ұйымдарында отбасында балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған қолдау орталықтары құрылады.

Министрлік өкілі балалардың құқықтарын қорғау бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы әзірленіп жатқанын айтты.

«Интерактивті картаның негізгі дереккөздері құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау және ақпарат, оқу-ағарту министрліктері, сондай-ақ жергілікті әкімдіктердің ақпараттық ресурстарынан жинақталған. Бұл деректер бізге неғұрлым дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл балалардың мәселелерін алдын алуға және оны шешу үшін жедел әрі жүйелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек. Осы интерактивті карта негізінде жергілікті әкімдіктер аталған мәселелерді шешу бойынша нақты бағдарламаларды әзірлеп, іске асырады», деді Еділ Оспан.

Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау халықты әлеуметтік қорғау қызметкерінің балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін хабарламағаны үшін жауапкершілік қатаңдайды.