Жаңалықтар

Мемлекеттік аудит: 141 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталған

Фото: kursiv.media

Осы жылдың 8 айында жүргізілген мемлекеттік аудит барысында 141 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бұл жайлы үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

«Камералдық бақылаумен 301 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 43 514 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ін  орындады. 1 522 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн. теңгеден астам бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 141 млрд. теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды», деді министр.

Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша 109 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылған.

Сонымен бірге министр мемлекеттік активтерді басқару мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 658 объектіні сату көзделген.

«Есепті кезеңде 307 млрд теңге сомасына 372 объекті сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 33 объекті сатуға қойылды. 64 объекті қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 189 объекті сату алдындағы дайындықта тұр», деді Жамаубаев.