Жаңалықтар

Мұнай өндіру көлемі қысқарды: жылдық жоспар орындалмауы мүмкін

Фото: shutterstock және freepik

Қазақстан жыл соңына дейін 90,5 миллион тонна мұнай өндіреді деп жоспарлаған болатын, алайда бұл меже орындалмауы мүмкін. Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің айтуынша, жыл соңына дейін еліміз 89 миллион тонна көлемінде мұнай өндіре алады.

«Өзгеріс болуы мүмкін. Өйткені біздің бастапқы жоспарымыз бойынша 2023 жылдың соңына қарай өндірілетін мұнай көлемі 90,5 миллион тоннаны құрауы тиіс болған. Қазіргі таңда, сегіз айдың қорытындысы бойынша біз ол жоспарға жеткен жоқпыз. Десе де, алдағы уақытта қиындықтар болмаса, біз жыл соңына дейін бұл жоспарда көрсетілген көлемге қол жеткізуге тырысамыз. Дәл осы 90,5 миллион тонна мұнай өндірілмесе де, 89 миллион тоннаға жетуіміз мүмкін»,- деді ол.

Ол қазіргі уақытта ірі мұнай-газ жобаларында техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл жұмыстардың жыл соңында өндіріс көлеміне әсер ететінін айтты. Егер ол жұмыстар белгіленген мерзімнен ертерек аяқталса, бұл мұнай өндіру көлеміне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

«Тіпті бір-екі күннің өзі мұнай өндірісінің көлемін арттырады. 2023 жылы біз 90,5 миллион тонна өндіруіміз керек, бірақ біз бұл көлемнің 89 миллион тоннасын өндіруіміз мүмкін. Иә, жалпы көлем төмендеуі мүмкін», дейді вице-министр.

2022 жылы Қазақстанда 84,2 миллион тонна мұнай өндірілді, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 85,7 миллион тоннаны құраған. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин 13 қыркүйекте үкімет отырысында қаңтар-тамыз айларында мұнай өндіру 6,6 пайызға өскенін айтты. Алайда ол бұл көрсеткішті абсолютті сандармен көрсетпеді. ҰЭМ Ұлттық статистикалық бюросы 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру 56,09 миллион тоннаны құрағанын хабарлады.

Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев 15 тамызда журналистерге ведомствоның 2023 жылға арналған мұнай өндіру болжамын 89,4 миллион тоннаға дейін төмендеткенін айтты. Ал қазіргі болжам одан да төмендеп кетті. Өткен айда Маңғыстау атом электр станциясындағы үзілістерге байланысты Қазақстанда тәуліктік мұнай өндіру көлемі 10 тамыздағы 232 мың тоннадан 14 тамызда 209,3 мың тоннаға дейін төмендеді. Солайша өндіріс 9,8%-ға азайған.

Қыркүйек айында да мұнай өндірісі тұрақсыз болды. Мәселен, 1 қыркүйекте мұнай өндірісі тәулігіне 235,3 мың тоннаны құраса, 9 қыркүйекте өндіріс көлемі осы айдағы ең жоғары көрсеткішке ие болып, тәулігіне 247 мың тоннаға жетті. 10 қыркүйекте өндіріс 243,5 мың тоннаға дейін төмендеді. Отын-энергетика кешені ситуациялық-талдау орталығының» мәліметі бойынша, 11 қыркүйекте 213,8 ​​мың тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен 12,2% (29,7 мың тонна) аз. Ал МАЭК-те ауыр апат орын алған 3 шілдесінен бергі ең төменгі көрсеткіш.

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы МАЭК-тегі апатқа байланысты 416 мың тонна мұнай өндірісінен қағылған. Бұл туралы Ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова мәлімдеді.

«Алдын ала болжам бойынша, жыл басынан тамыз айының ортасына дейін жоғалған мұнай көлемі 416 мың тоннаны құрады. Бұл ақшаға айналдырғанда, компания мұнай сатудан түсетін 99 млрд теңге кірістен қағылды деген сөз. Ол өз кезегінде бюджет тапшылығына алып келді», – деді Арысова.