Жаңалықтар

Қалада алкоголь, ауылда – темекі сатылады: Қазақстандықтар қаржысын қайда жұмсайды?

DATA HUB аналитикалық арнасы қазақстандықтардың қаржыны қандай мақсатта жұмсайтынын анықтап көрді. Зерттеу нәтижелеріне назар салсақ, тұтыным тауарлары мен өнімдерін алуға келгенде ҚР тұрғындарының тосылып қалмайтынын байқауға болады.

Сараптамаға сәйкес, II тоқсандағы ел тұрғынының орташа шығысы 260,8 мың теңгені болды.  Демек, ел тұрғыны 3 ай ішінде осыншалық қаржы жұмсайды, мұны әрбір айға шағар болсақ, 86,9 мың теңге ақша шығатынын көреміз.

Сараптамаға сәйкес, Қазақстанда тұтынушылық мәдениеттің жетекші рөлге ие екенін көруге болады. Мысалы, зерттеуде II тоқсанда жұмсалған барлық қаражаттың 92%-ы тұтыныммен байланысты екені айтылады. Тоқсандық шығыс – 239,5 мың теңге. Орташа деңгейден жоғары бұл көрсеткіш 8 аймаққа тән. Негізінен алғанда, солтүстік және орталық аймақтарда. Тұрмыстық тұтынымға келгенде Алматы (347,7 мың теңге) және Астана (301,6 мың теңге) қалалары көш басына шығады, тізім соңын Қызылорда (189,2 мың теңге)  мен Түркістан (174,5 мың теңге) облыстары түйіндеп тұр.

Аймақтардағы азық-түлік тұтынымы

Түркістандықтар қаржы жұмсауға келгенде қаттылық танытса да, азық-түлік алуға келгенде аянып қалмаған. Өңірде азық-түлікке байланысты шығын 61,1%. Ал Маңғыстауда – 60,3%. Салыстыру үшін республика бойынша қарастырылған орташа көрсеткішке зер салайық. Ел ішіндегі орташа көрсеткіш – 51,9%. Көрші отырып, азық-түлікке келгенде өңірлердің не көп, не аз қаржы жұмсауы, шынтуайтында, біз күтпеген құбылыс. Демек, аймақтардағы орташа жалақы деңгейінің айырмашылығы да жер мен көктей деген сөз.

Түзде жүріп тамақтану мәселесі

Алматылықтың үйінде емес, сыртта тамақтануға жұмсаған тоқсандық шығыны астаналыққа қарағанда 41%-ға аз, 7,9 мың теңге. Ал Астанада орташа есеппен алғанда 13,4 мың теңге. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы Павлодар (9,6 мың теңге), Шығыс Қазақстан (9,1 мың теңге) және Маңғыстау (8,2 мың теңге) облыстарынан озық тұр.

Ауыл ма, қала ма?

Сарапшылар, қалалықтарың ауылдықтарға қарағанда арақ-шарап өтімдерін көп сатып алатынын айтады. Қалада алкоголь үшін қаржы 66,3%-ға көп жұмсалады (тоқсан бойынша орта есеппен жан басына шаққанда 1,1 мың теңгеге қарсы 1,8 мың теңге). Темекі өнімдеріне жұмсалатын шығындар жайы мүлдем басқа. Бұл көрсеткіш бойынша ауылдықтар қалалықтардан 7,3%-ға озып тұр (3,9 мың теңгеге қарсы 3,6 мың теңге).

Ауылдық жерлерде байланыс қызметтеріне қатысты ең жоғары шығын төлеу Солтүстік Қазақстан (9,4 мың теңге) және Ақмола (9,3 мың теңге) облыстарында тіркеледі. Ал Түркістан облысы 2,3 есе аз жұмсайды. Бір тұрғын орташа есеппен тоқсанына 4,1 мың теңге.

Тұтынымнан тысқары шығыстар.

Қазақстандықтар тұтыным тобына жатпайтын шығыс түрлеріне де қаржы жұмсайды. Олар толықтай дерлік несие мен қарызды өтеумен байланысты шығындар. Көрсекіш -16,1 мың теңге немесе 6,2%. Зерттеу арнасы аймаққа байланысты бұл көрсеткіштердің де құбылып отыратынын айтады.  Мысалы, ең жоғары деңгейде – Ұлытау облысында (48,6 мың теңге), ең төменгі деңгей – Маңғыстау облысында (1 мың теңге). Екі өңірде шамамен алғанда, 50 есе айырмашылық бар.