Фото: kursiv.media
Қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9% өскен. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин үкімет отырысында мәлімдеді.
Жылдың алғашқы сегіз айында нақты сектордағы өсім – 4,4%, қызмет көрсету саласында 4,8% құрады. Министр экономиканың негізгі секторларында өсімнің оң серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті. Ең жақсы көрсеткіш құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында байқалды.
Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция 12,2 пайызға артты. Салалар арасында көлік және қойма шаруашылығы (49%), білім беру (31,9%), сауда (30,1%), ауыл шаруашылығы (20,7%), өнеркәсіп (8,5%), өңірлер арасында Маңғыстау, Абай, Павлодар және Түркістан облыстары көш бастады.
Тамыз айының соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Онда ЖІӨ орташа жылдық өсімін 5,8% құрайды делінген. 2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін өседі деген болжам бар. Өнеркәсіп саласындағы орташа жылдық өсу қарқыны 4 пайызды құрайды.
Үкіметтің мамыр айындағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ЖІӨ өсімі биыл 4%-, 2024 жылы – 5%, 2028 жылы – 6% деңгейінде болады делігенн. Өз кезегінде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауалнама жүргізген қаржы нарығының қатысушылары 2024 жылы ЖІӨ 3,9%-ға өседі деген пікір білдірген.