Қосымша құн салығының мөлшерлемесі ұлғайса бизнеске зияны тимей ме?
Елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Жаңа кодекс 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында консультативтік құжат жариялады. Құжат барысында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру, корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (тапқан табысына орай салық бөлінісін әділ қамтамасыз ету), арнайы салық режимін реформалау, табак өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығы мәселелері қарастырылған.
Салық реформасы мәселесін биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы да айтты. Президенттің сөзінше, корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті.
«Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, қосымша құн салығына қатысты түйткілді де қозғап өтті.
«Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құжатта көрсетілгендей қосымша құн салығының ставкасы кезең-кезеңімен жоғарылатылмақ. Оның қазіргі ставкасы – 12 пайыз және бұл әлемдегі ең төмен мөлшерлемелердің бірі дейді министрлік. Сондай-ақ бюджеттен қосымша құн салығын қайтару процесі де оңтайландырылмақ. Әзірге Ұлттық экономика министрлігі қосымша құн салығы қазіргі 12 пайыздан 2025 жылы 16 пайызға дейін көтеріледі деп жоспарлап отыр.
«Ставканы жоғарылату бюджетке қосымша түсім түсіруге мүмкіндік береді, сонымен қатар отандық тауарлардың көрші елдерден импортталған тауарларға қатысты бәсекеге қабілеттілігін нығайтады», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Кодекстің жаңа жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында парламент талқысына ұсынылады деп жоспарланған. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-тың минималды шегі 20 мың АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) болып бекітілген еді.
«Біз ҚҚС шегін тек ірі бизнес үшін қою керегін көтеріп келдік. Шағын және орта бизнес үшін бұл ауыр жүктеме. Оны әкімшіліктендіру керек. Сонымен қатар қазіргі кезде ҚҚС бойынша қайтару процедурасы өзекті болып тұр. Қайтарылуы тиіс ҚҚС бойынша шамамен 1 трлн теңге қайтарылған жоқ. Әрине, бұл бизнес үшін ауыр соққы. Мәселені шешу қажет», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Тимур Жаркенов неліктен көптеген кәсіпкер осы жылдың наурызында бөлшек салықты енгізудің тиісті әсерін сезінбегенін айтты.
«Іс жүзінде бөлшек салықты енгізудің нәтижесі біз күткендей болмады. Бөлшек салықтың мөлшерлемесі 4 пайыз болды. 2 пайызға дейін түсіру мүмкіндігі жергілікті мәслихаттарға берілді. Бұл ретте, іс жүзінде Қазақстанның 3 өңірінде ғана мөлшерлеме төмендетілді. Әрине, ондай әсер болған жоқ. Сондықтан мәслихат депутаттарының өздерімен осындай шешімдер қабылдауға дайын болу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деген тұжырым бар», деп атап өтті ол.
Айта кетейік, бөлшек салықты қолдануды кеңейту және ҚҚС шегінен асып кету проблемаларын жою үшін «Атамекен» Ұлттық палатасының мамандары акциздік өнімдер, мұнай өнімдеріне белгілі бір шектеу жасай отырып, бөлшек салықтың арнайы салық режимін пайдалана алатын экономикалық қызмет түрлерінің санын көбейтуді ұсынған еді.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жаңа Кодекс аясында бірқатар салық түрі қысқартылады.
«Бізде жүйе құраушы бірнеше салық түрі бар, олар – корпоративті салық, қосымша құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы. Олар қалады. Ал ұсақ салықтар, қандай да бір жарнама үшін алынатын алымдар қысқартылады», деді министр.
Алынып тасталуы мүмкін салық қатарында көлік салығы да бар. Атап айтқанда, 2025 жылы ЕАЭО елдері шеңберінде мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшу жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне әкелетіні көрсетілген. Нәтижесінде көлік құралдарына салынатын салықты, кәдеге жарату алымын, автокөлік құралдарын бастапқы тіркеуге алымдарды ескере отырып, жеке тұлғалардың жолаушылар көлігін пайдаланғаны үшін шығындары артады.
«Жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуімен, азаматтардың көлікті иелену және пайдалану шығындары өседі. Мұндай өсім әсіресе эконом-класс көлігі бар адамдар үшін өте қатты байқалатын болады. Сәйкесінше бұған қатысты шаралар қабылдануы қажет», делінген құжатта.
Бұл мәселені шешу шарасы ретінде қозғалтқыш көлемі ұлғайтылған автокөліктерге салынатын салықты сақтай отырып, көлік құралдарына салынатын салықты алып тастау ұсынылып отыр. 2022 жылы жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық түсімдері 70 млрд теңгені құраған.
Жаңа салық Кодексі салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдардың әдейі бөлшектенуіне жол бермеуді ұсынады. Жеке кәсіпкерлер оңайлатылған режимде 3 пайыздық ставка бойынша табыс салығын төлейді. Алайда бұл қарқынды ұстап тұру үшін жеке кәсіпкерлер алты айдағы табысын 24 038 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 82,931 миллион теңгеден асырмауы, сондай-ақ 30-дан астам жұмысшы ұстамауы керек.
Табыс шегінен асып кеткен жағдайда жеке кәсіпкер жалпыға бірдей белгіленген режимге көшіп, табыстың 10 пайызын, яғни үш еседен астам соманы төлеуі керек. Аз салық төлеу үшін кәсіпкерлер өз бизнесін кішігірім бөлімдерге бөлді.
AERC консультанты Евгения Пак елдегі барлық салық жеңілдіктерін талдау керек деп есептейді.
«Бізде баждың 12 түрі, алым мен төлемнің 11 түрі бар. Олардың әр түрі бойынша өзіндік жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Мысалы, «Инвестициялық салықтық преференциялар» деп аталатын 274-бапта корпоративті табыс салығы бойынша жеңілдік қарастырылған. Ал 296-бапта салық салуда мүлде босату туралы айтылады. 2020 жылы Есеп комитетінің бағалауы бойынша, 4,5 трлн теңге сомасына 277 салық жеңілдігінің түрі қарастырылды. 2021-2022 жылдары тағы бірнеше преференция қосылды. Сондықтан бүкіл жүйеге талдау жасалуы керек», дейді сарапшы.
«Атамекен» палатасы оңайлатылған декларация мен бөлшек салықты қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтуге қатысты ұсыныс білдіреді.
«Бізде қазір қызмет түрлері бойынша шектеу бар. Мысалы, бухгалтерлік, консультациялық, маркетингтік қызмет көрсететін кәсіпорындар жеңілдікпен жұмыс істей алмайды. Олай болмауы керек. Жеңілдікті пайдалануға кез келген кәсіпкер құқылы болуы тиіс. Біз сонымен қатар бөлшек салық бойынша қызмет түрін кеңейтуді ұсынамыз. Өйткені бұл режимді жер қойнауын пайдаланушылардан басқалардың бәрі қолдана алуы керек», дейді «Атамекен» ҰКП жанындағы шағын және орта бизнеске салық салу жөніндегі кіші топтың жетекшісі Берік Заиров.
Өңірлердің орнықты дамуы бойынша қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жанар Сүлейменованың ойынша, жеңілдетілген декларация аясында қызмет түрлері бойынша шектеуді алып тастау бірқатар қызметтердің көлеңкеден шығуына көмектеседі.
«Егер қызмет түрлері бойынша шектеу алынып тастайтын болса, біз онда блогерді, инфлюнсерді, маркетологты, таргетологты пайдаланатын аутсорсингтік қызметтерді көлеңкеден шығарар едік. Қазір кәсіпкерлер маркетингке өз айналымының 10 пайызын жұмсайды. Бұл ақша көлеңкеден шығады, өйткені бүгінде мұндай қызметтер үшін қолма-қол төлем жасалады. Бұл – өте үлкен сомалар. Мемлекет бизнестің мұндай түрін көлеңкеден шығаруға мүдделі болуы керек», дейді белсенді.
Экономист Алмас Чукин қосымша құн салығына байланысты былай пікір білдіреді.
«ҚҚС дегеніміз тұтынуға салынып отырған салық. Түптеп келгенде оны қатардағы тұтынушы төлейді. Бизнес салық агенті ретінде жұмыс істейді. Егер мен метріне 100 теңгеден картон сатып алып, одан қорапша жасап, оны бөлшек нарықта 150 теңгеден сатар болсам, бұл жерде қарапайым математика көрініс табады. Мен сатудан алатын ҚҚС 150-ден шикізатқа төленген ҚҚС-ты шегеріп, бюджетке жіберемін. Бизнес ретінде мен өз қалтамнан ештеңе төлеген жоқпын. Алдым – бердім. Ал тұтынушы болса 150-ге қоса 12 пайыз ҚҚС төлейді және ешқандай өтемақы алмайды. Кірістерінің айтарлықтай бөлігі шикізатты экспорттау салаларында өндірілетін ел үшін ҚҚС экономикалық тұрғыдан өте «нашар» салық болып саналады. Экспортқа ҚҚС салынбайды. Осылайша, біздің мұнайды сатып алған әлемдік нарық бізге бір тиын ҚҚС төлемейді. Сондықтан бюджетте үнемі теңгерімсіздік туындап жатады. Осы жүйе салдарынан бюджет экспорттаушыларға ұдайы қарыз болып келеді», дейді экономист.
Сарапшы салықтың екі міндеті бар екенін айтады. Бірі – бюджетке ақша жию, екіншісі – экономикалық саясаттың құралы болуы.
«Қазір көбі салық реформасын жаңа жеңілдіктер алу деп түсінеді. Егер бәрі жеңілдікті пайдаланса, онда мемлекет өз функциясын қалай атқармақ. Біз ұзақ жылдар бойы көптеген жеңілдік ұсындық, салдарынан бюджетте 25 пайыз ойық пайда болды. Ол Ұлттық қор есебінен жабылып жатыр. Біздің қазіргі кірістер есебінен өмір сүрмей жатқанымызға біраз болды», дейді ол.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, ҚҚС ставкасының артуы біздің тауарларды көрші елдер тауарларынан қорғайды.
«Мәселен, тауар Ресейде өндіріледі. Оның құнына 20 пайыз көлеміндегі ҚҚС қосылады. Тауар Қазақстанға экспортталған кезде нөлдік ставка қолданылып, алдында 20 пайыз көлемінде төленген ҚҚС экспорттаушыға қайтарылады. Қазақстан территориясында ондай тауар үшін 12 пайыз көлемінде ҚҚС төленеді. Ресейде 8 пайыз көлемінде қайтарылған ҚҚС-тың қалған бөлігі тауар иесінің «қалтасында» қалады. Ол сома тауарды жарнамалауға, жақсы орын алуға, демпингке жұмсалады. Яғни, ҚҚС ставкасындағы айырмашылық ресейлік өндірушілердің тауарына артықшылық береді», деп түсіндіреді министрлік.
Бұл жағдай қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізуде дейді ҰЭМ. ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе, импорттық тауарларға жүктемені арттыру арқылы Қазақстан ұтады.
«Мұндай жағдайда Қазақстанда ҚҚС 16 пайыз / 20 пайыз болып төленеді, яғни, 4 пайыз / 8 пайыз көлемінде қалған еркін қалдық ел бюджетіне құйылады. Еркін ақша есебінен болған шығындар енді тауардың өзіндік құны артуы есебінен туындайды. Сөйтіп, импорттық тауардың өзіндік құны өседі», дейді ведомство.