Ресей Қазақстан арқылы Қырғызстанға дейін жететін электр желісін салғысы келеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ресей Сібірден Қырғызстанға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін тұрақты тоқ желісін салуды ұсынды. Ресейдің энергетика министрі Николай Шульгинов мұндай қадамның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы электр энергиясы айналымын арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.

«Біз талқылай бастайтын тағы бір қызықты жоба бар. Тым құрыса, бұл жобаның жүзеге асуын ресейлік тарап өз мойнына алуға даяр. Мақсат – ұзыннан ұзақ желі тарту. Менің ойымша, бұл Қазақстан аумағы арқылы өтетін, Сібір мен Қырғызстан арасын жалғайтын тұрақты ток желісі болуы тиіс. Желі ЕАЭО елдері арасындағы қуат алмасуды ұлғайтуға, сондай-ақ электр энергиясын үздіксіз жеткізудегі қиындықтарды шешуге мүмкіндік береді», – деді Ресейдің энергетика министрі Николай Шульгинов Еуразиялық экономикалық форум барысында.

Сонымен қатар, Ресейдің энергетика министрі Николай Шульгинов Орта Азия елдерін Энергетикалық кеңес мүшелігіне өткізу жайын қозғады. Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Ресей министрі айтып отырған кеңеспен Орта Азия елдері бақылаушы ретінде ғана байланысады.

Сайып келгенде, Қырғызстанға  Қазақстан аумағы арқылы өтетін ЭБЖ салу туралы бастама ЕАЭО елдеріне ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыру саясатының бір сатысы секілді.

Тәжікстанның «Asia-plus» агенттігінің жазуынша, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей 2025 жылдың 1 қаңтарға қарай ұлттық электр энергиясы нарығын интеграциялап, Еуразиялық экономикалық одақ арасында ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Бұған қатысты «мұндай процесс шарттарының бірі –  өндірушілер мен тұтынушылар көздейтін экономикалық мүдде тепе-теңдігін сақтау» екендігі, «қазіргі уақытта ЕАЭО-ның әрбір қатысушысы өзінің энергия теңгерімін ішкі қажеттіліктеріне қарай дербес қалыптастырып отырғаны, ал  бірыңғай нарыққа көшу арқылы жүйелер бір-бірін толықтыра отырып жұмыс істей алатыны» айтылады.

Елдегі энергетика басшылығына Алмасадам Сәтқалиев тағайындалғаннан кейін Қазақстан тарапының Ресей бастаған жобаларды «қос қолдап» мақұлдай кететіні де желіде сөз бола бастады.

Ресей министрі Алмасадам Сәтқалиев басшылыққа келгеннен кейін Қазақстанның Ресейден Қырғызстанға қарай жоғары вольтты электр беру желісін (ЭБЖ) салу туралы келіссөзге қайта бет бұрғанын айтады.

«Қазақстанның Энергетика министрлігінің бұрынғы басшысы Болат Ақшолақов біздің ұсынысымызға үрке қарады. Жоба қымбат, негізінен республика [Қазақстанның] аумағынан өтеді, бірақ оның пайдасы барлық тараптар үшін шаш етектен екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақстанның өзі Ресейден электр энергиясын көбірек сатып алатынын ұмытпайық. Бұл қажеттілік келешекте артпаса, кемімейді. Ал, Қырғызстан қазірдің өзінде сатып алып отыр, ал жақсы мүмкіндік туғанда [ЭБЖ] бізден одан да көп электр энергиясын алатын болады», – деп өз сөзін түйіндеді Ресей министрі.

Сондай-ақ оқыңыз