Туризм және спорт министрлігі Қазақстанның мемлекеттік туын пайдалануға қатысты жаңа ереже қабылдады. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы Мемлекеттік Туды қорлау фактілері жайлы жаңа тармақтармен толыққан.
Қорлау фактілеріне мыналар жатады:
- физикалық түрде залал келтіру (жырту, жағу, өртеу, қасақана жерге тастау, таптау, қоқысқа лақтыру);
- коллаждар жасау арқылы мемлекеттік туды қорлау, тыйым салынған және мақсатқа сай емес жерлерде пайдалану, әлеуметтік желілерді қоса алғанда Мемлекеттік Туды көпшілік алдында мазақ ету, балағаттау.
Сонымен бірге жаңа қаулыға сәйкес мемлекеттік туды жеке тұлғалар да пайдалана алады. Бірақ оған қойылатын талаптар мен шарттар бар.
- Жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде, балкондарда) Мемлекеттік Туды көлбеу түрде орналастыруға рұқсат етіледі. Алайда көлбеулігі 45 градустан көп болмауға тиіс.
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар жалаулары, мөрлері және таңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалана алмайды.
- Жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда 3 метрден төмен емес биіктікте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын 1 х 2 метр өлшеммен орналастыруға рұқсат етілген.
«Жобаның мақсаты «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысына өзгеріс енгізу арқылы Қазақстан Республикасының заңнаманы сәйкестікке келтіру қажеттігінен туындады», делінген құжат түсіндірмесінде.
ҚР Қылмыстық кодексінде мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамға 3000 АЕК (10,3 млн теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ қылмыскер 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
Қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.