АҚШ инфляциясы өсіп, ал Қытайдан инвестиция кетіп жатыр
Тамыз айында АҚШ-тағы инфляцияның өсуіне қор нарығы сабыр танытты: сарапшылардың көпшілігі қазіргі көрсеткіш ФРЖ мөлшерлемесін өзгертуге жеткіліксіз деп санайды. Алайда Қытайда экономикадағы проблемаларға байланысты инвестицияның кетуі жалғасып жатыр. Осы және өзге де тақырыптарды қозғаған әлемдік БАҚ-қа шолуды оқыңыз.
АҚШ-та инфляция үдей түсті
The New York Times газетінің хабарлауынша, тамыз айында Америка Құрама Штаттарында тұтыну бағасы былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға өскен. Шілдеде инфляция 3,2% құрады. Тұтыну бағасы индексінің өсуіне газ бағасының қымбаттауы себеп болды. Сонымен қатар автокөлік сақтандыру мен әуе билеттерінің қымбаттауы да әсер етті.
Осы жарияланған тұтыну бағасы индексі – келесі сейсенбіде өтетін ФРЖ отырысына дейінгі соңғы деректердің негізгі бөлігі. Инфляцияның жалғасуы ФРЖ-да мөлшерлеме деңгейіне қатысты пікірталас тудыруы мүмкін, деп жазады басылым. Сонымен қатар, бірнеше факторлар инфляцияны жыл соңына дейін одан әрі өсуге итермелеуі мүмкін.
Екінші жағынан, Америка Құрама Штаттарында жалдау ақысы өсімінің баяулау үрдісі байқалды, ал тұрғын үй жалдар тұрғындардың шығынының басым бөлігін құрайды. Еңбек нарығының бәсеңдеуіне үміт бар: бос орындар азайып, жалақының өсуі баяулауда.
Сарапшылар ФРЖ инфляцияның өсуін еңсереді деп болжайды
Сәрсенбіде нарықтар инфляцияның үдеуіне өте сабыр танытты. Аса жағымсыз деректерге қарамастан, инвесторлар оптимист көңіл-күйде. Bloomberg тамыздағы бағаның көтерілуі ФРЖ саясатын өзгертуге жеткіліксіз деп санайды. Бірқатар экономистер бұл пікірмен келіседі.
Сонымен қатар трейдерлер ФРЖ келесі аптада мөлшерлеменің көтерілуін кідірту ықтималдығын 92%-дан 97% деңгейінде бағалап отыр.
«Инфляцияны ФРЖ-ның 2% нысанасына қайтару үшін әлі көп жұмыс істеу керек», – деді Commonwealth Financial Network тұрақты кіріс бойынша стратегі Сэм Миллетт. «Алайда инфляцияның жоғарылауы келесі аптада ФРЖ отырысында мөлшерлеменің көтерілуіне әкеп соқпайды».
JP Morgan Asset Management бас жаһандық стратегі Дэвид Келлидің айтуынша, келесі жылдың соңына қарай инфляция мақсатты 2% деңгейінен төмен түседі. Бұл туралы Market Watch жазады. Ал JPMorgan Asset Management ФРЖ мөлшерлемені көтеру циклін аяқтады деп есептейді.
Тамыз айында инвесторлар Қытайдан 15,5 миллиард доллар шығарып алды
Шетелдік инвесторлар тамыз айында Қытай қор нарығындағы портфельдерінен шамамен 15,5 миллиард долларды шығарып алды. Бұл 2023 жылдағы ең үлкен қарды ағыны болды, деп хабарлайды Reuters. Осылайша, бейрезиденттер 14,9 миллиард қытай акциясын сатса, (2015 жылдан бергі ең үлкен ағын), Қытай үкіметі қарызын жабу үшін тағы 5,1 миллиард долларға бағалы қағаз сатты.
Инвесторларды ел экономикасының төмендеу қарқыны, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларының жоғы және жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыстың күшеюі қынжылтты. Бір ай бұрын халықаралық инвестициялық банктердің Қытайдың ЖІӨ өсіміне қатысты болжамдарын нашарлатқаны кездейсоқ емес: JPMorgan Chase & Co. – 5-тен 4,8%-ға дейін, Barclays – 4,9-дан 4,5%-ға дейін және Mizuho Financial Group 5,5-тен 5%-ға дейін төмендетті.
АҚШ-тағы тыйымға байланысты крипто индустриясы Азияға қайта назар аударып отыр
Америка Құрама Штаттарындағы тыйымдарға байланысты криптовалюта Азияға ағып жатыр, деп жазады Bloomberg. Конференциядағы пікірталас кезінде криптокомпаниялардың топ-менеджерлері Сингапур, Гонконг және Жапониядағы реттеуде айқындық бар екенін атап өткен. Ал АҚШ Конгрессі цифрлық активтер туралы заңнаманың қабылдануын кешіктіріп, сондықтан криптокомпанияларға реттеуші органдардан сотқа шағым келіп жатыр.
АҚШ-тағы криптонарық ең қорқатын нәрсе – заңнаманың қатаңдығы емес, белгісіздік. Америка соттары бір-біріне қарама-қайшы шешім қабылдап жатыр. Өйткені криптоактивтер бағалы қағаздар болып табыла ма, жоқ па – белгісіз. Бұған жауап ретінде SEC басшысы Гэри Генслер криптоиндустриясы туралы «билікті теріс пайдаланатын және заңды айналып өтуге тырысатын адамдарға толы осындай орын ешқашан көрген емеспін» деді.
Осы уақытта Азия криптовалюта нарығына қатысты ереже қабылдап жатыр. Мысалы, өткен айда Гонконгтың жаңа ережелері бойынша алғашқы сауда платформасының лицензиялары берілді. Гонконг, Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея инвесторларды қатты қорғайтын, бірақ фирмалар үшін тартымды құрылымдарды құруға тырысатын юрисдикциялардың қатарында.
Қысқа-нұсқа
Arm акцияларының бастапқы орналастыру кезіндегі индикативтік бағасы $52 болады, яғни бұрын белгіленген $47-$51 диапазонының жоғарғы шегінен жоғары болады. Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөзге сілтеме жасап хабарлайды. Ең ірі чип өндірушінің IPO-сы бүгін, 14 қыркүйекте өтеді.
Батарея компоненттерін өндіруші Sunrise New Energy сәрсенбіде электр көлік өндірушісі Tesla-данынтымақтастық туралы ұсыныс алғанын хабарлады, деп хабарлайды Reuters. Sunrise акциялары кеше 21,56%-ға қымбаттады.
Citigroup бас директоры Джейн Фрейзер бизнесті қайта ұйымдастырып, жұмыс орындарын қысқартып жатыр, өйткені банк нарықтағы бағаның төмендеуінен зардап шегеді. Citigroup акциялары 2008 жылдан бері қатты құлдырай бастады.
Fitch Ratings биылғы жаһандық ЖІӨ болжамын маусымдағы 2,4 пайыздық болжамнан 2,5 пайызға дейін көтерді.
Ресейдегі инфляция жылдық мәнде 5,33%-ға дейін өсті.