Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр.
4 АДАМ СОТТАЛДЫ
2023 жылдың 20 маусымында Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садуақасоваға сот үкімі шықты. Экс-министр 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімімен Алмаз Нұрасхан 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайды. Нұрасхан қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.
Азамат Көшенов кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Ол да мемлекеттік қызметті енді атқара алмайды.
Сотталушы Айым Садвакасова да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Садвакасоваға қатысты үйқамақта ұстау түріндегі шараны қамауға алуға өзгертіп, ол сот залынан қамауға алуға үкім шығарды.
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМЫ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР
2023 жылдың 14 қыркүйегінде Астанадағы апелляциялық сот отырысында Мұхамедиұлының адвокаты Әйгерім Әнуарбек экс-министрдің қаражаты негізсіз бөлінгенін мәлімдеді.
«Іс барысында 221 млн 411 мың 230 теңгеге азаматтық талап арыз берілді. Біз бұл тарап арызбен келіспейміз. Бірінші сатыдағы сот шығын көлемі негізсіз белгіледі. Іс бойынша шығын 155 млн теңге деп бекітілді. Сотқа дейінгі тергеу барысында Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова шығынды ішінара өтеді, яғни 111 млн теңге төледі. Алайда сот бұл соманы іс бойынша жалпы шығын орнына есептеп жіберді. 111 млн теңгені Ғалия Ысқақова күйеуі Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін төледі. Шығын көлемі – 155 млн теңге болды, бұл соманы сот 4 айыпталушы арасында тең бөлуі керек еді. Сонда әр сотталушыға 38 млн теңгеден келеді. Бірақ сот 155 млн теңгеден 111 млн теңгені алып, Мұхамедиұлы мен әйелінің рұқсатын алмастан, басқа да сотталушылардың орнына шығынды өтетіп отыр. Сот барысында бұл туралы әңгіме болған емес. Сот Ысқақованың қаражатын негізсіз жұмсаған», – деді адвокат Әнуарбек.
Адвокаттың сөзінше, шығынның өтелмеген бөлігі – 43 млн теңге төрт адамға тең бөлінген. Мұндай жағдайда Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы да 10 млнға жуық қаражат төлеуі қажет. Алайда адвокат сот қаржыны дұрыс есептеп, қалған 72 млн теңгені Мұхамедиұлының әйелі Ысқақоваға қайтаруды сұрады. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл жағдайға байланысты әлі өтінішхат жолдамаған.
«Мұхамедиұлы кінәсін мойындап, ол соманы шығынды өтеуге қолдануға болатыны туралы өтінішхат жолдаса, мұндай жағдайда оның жазасын жеңілдетуді сұраймыз. Себебі ол шығынды теңдей бөлгенде өз бөлігін төледі және басқалардың орнына да төлеп отыр. Егер Мұхамедиұлы кінәсін мойындамай, ешқандай өтінішхат жазбайтын болса, онда қалған 72 млн теңгені Ысқақоваға қайтаруды сұраймыз», – деді Әйгерім Әнуарбек.
Ол Мұхамедиұлының бюджет қаражатын жымқырғаны дәлелденбегенін, айыптау болжамға негізделгенін, сот тарапынан оған сараптама жүргізілмегенін мәлімдеді. Соған байланысты апелляциялық соттан бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, Арыстанбек Мұхамедиұлын ақтауды сұрады.
Айта кетейік, істі сот алқасының төрағасы судья Мұрат Солтыбаев, судьялар Айбек Әмірғалиев пен Алмат Есімова қарап жатыр.