Боранбаевтың қылмыстық жолмен алған мүлкі заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріледі – ҚМА
Боранбаевтың қылмыстық жолмен алған мүлкі заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілсе, ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылады. Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік хабарлауынша Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Тергеу шеңберінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды», делінген хабарламада.
Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударған. Сонымен бірге табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеді.
«Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріліп, ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылады», деп хабарлайды агенттік.
Еске сала кетсек, тамызда Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев тергеумен процестік келісімге келуге өтінішхат білдірді. Судья Қайрат Боранбаевтан «кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады. Боранбаев «процестік келісім бойынша, иә» деп жауап берді. Боранбаевқа қатысты сот үкімінің қашан шығатыны әлі белгісіз. Тергеу тарапы мен сотталушылардың адвокаттары процестік келісім талаптарын талқылайды.
Бұған дейін Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды.
Содан кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.