Сенат депутаты кинематографистерді қаржылай қолдап, салық жеңілдігін беруді ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Сенатор Қайрат Тастеев кинематографистер мен продюсссерлерге қаржылай қолдау көрсетіп, салықтан жеңілдік жасау керек деп тұжырымдайды. ҚР Премьер-Министрінің атына жолданған сауалда Қазақстан киноиндустриясын дамытудың маңызы атап өтілген.

Депутат қоғамдағы мәдени және зияткерлік ортаны қалыптастыруда киноиндустрияның маңызды рөл атқаратынын айтады. Фильм мен телехикаялар – ойын-сауық көзі ғана емес, сонымен қатар құндылықтарды, идеялар мен білімді насихаттау құралы.

Сенатор осыған байланысты отандық кино саласы мамандарының алдында тұрған мәселелерді жедел шешуге шақырды. Телевидение бюджетінің едәуір бөлігі шетелдік телехикаяларды сатып алуға және аударуға жұмсалады, бұл өз өнімімізді жасауға арналған ресурстың аздаған бөлігін ғана қалдырып келеді.

«Кино өндірісін қаржыландыруға тоқталсақ. Егер Қазақстанда әр түрлі бағалаулар бойынша серия үшін төлем 6 мыңнан 30 мың АҚШ долларына дейін болса, онда Ресейде серия үшін 200 мыңнан 400 мың АҚШ долларына дейін жұмсалады. Шетелдік телехикаяларға тыйым салу және өз өндірісіміздің кинофильмдерін дамыту жөніндегі халықаралық тәжірибе де алуан түрлі», – деді Қайрат Тастекеев.

Сенатор Министрлер Кабинетінің басшысына осы мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Шетелдік өнімдермен бәсекеге қабілетті жоғары сапалы ұлттық фильмдер жасау үшін қазақстандық кинематографистер мен продюсерлерге қаржылық қолдау және салықтық жеңілдіктер беру керек. Кино және теледидар саласында білім беру бағдарламалары болуы тиіс, сондай-ақ шетелдік сериал үлес көлемін реттеуде халықаралық тәжірибені зерделеу қажет.

Eurasian Film Market халықаралық кино форумында ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали 2019 жылдан бері мемлекет тарапынан 100-ден астам киножобаға қолдау көрсетілгенін айтқан. Оның арасында 47 толықметражды фильм, 25 деректі фильм, 24 қысқаметражды фильм және 8 анимациялық фильм бар.

12 мамыр күні елімізге белгілі киногерлер Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталығының (ҰКМҚО) байқауға қатысатын фильмдерді іріктеуден әділетсіз өткізетінін айтып, наразылық шарасын өткізген болатын.

Киногерлер 2019 жылы қабылданған «Кино туралы заңда» сыбайлас жемқорлық жүйесін құруға жол беретін тұстардың бар екенін айтты. Заңда белгіленген шарттарға сәйкес ҰКМҚО питчинг кезінде қатысушыларды еш себепсіз байқауға қатыстармай қоюға құқылы екен. Кино саласының мамандары бұл заңда қарастырылған шарттар іріктеуден тек Мәдениет министрлігіне қарасты компания жобаларының өтуіне жағдай жасайтынын айтады. Осының салдарынан 2023 жылы 153 жоба (бұл жалпы өтініштердің 55%-ы) іріктеуге өткізілмеген.

17 мамыр күні киногерлер баспасөз маслихатын өткізіп, өздерінің қудаланып жатқанын, заңсыз митингке шыққаны үшін айыппұл салынғанын мәлімдеген.

Ал, 25 мамыр күні экс-министр Асхат Оралов Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының әділетсіздігін айтып, митингке шыққан киногерлердің мәселесін шешу үшін министрлік жанынан тәуелсіз комиссия құрылатынын мәлім еткен болатын.

Шілде айында орталықтың басшысы ауысып, бұл қызметке 31-арнаны басқарған Құрманбек Жұмағали келді.

Ал 9 тамызда киногерлер шағымынан кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы іріктеу конкурсын қайта жарияланатыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз