Күдікті қаржылық транзакциялар үшін шекті сомалар көлемі азаяды – ҚМА

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қаржы мониторингі агенттігі күдікті қаржылық транзакциялар үшін шекті сомаларды азайтуды ұсынды. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында күдікті қаржылық транзакциялар үшін шекті сомаларды төмендету ұсынылған.

Атап айтқанда, асыл металдармен, тастар, зергерлік бұйымдармен операцияларды жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін шекті сома 5 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Жалға берушілердің шекті операцияларын 30 миллион теңгеге дейін төмендету жоспарлануда. Микроқаржы ұйымдарына – 5 млн теңге (қазір – 10 млн теңге), ал ломбардтарға – 1 млн теңге көлемінде бекіту ұсынылған.

Сонымен бірге консультативтік құжатта лизинг алушылар мәселесі де қамтылған. Агенттік мәліметінше лизинг алушының құжаттарды қолдан жасауы, лизинг объектісінің құнын асыра бағалау, сол лизинг объектілерін бірнеше мәмілелерде пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидиялар түрінде мүлік пен бюджет қаражатын ұрлау жағдайлары көп кездеседі.

«Бұдан басқа, үлестес тұлғалармен жалған лизинг шарттарын жасасу арқылы лизингтік ұйымдардың өздері қылмыстық кірістерді жылыстатуға байланысты іс-әрекеттер жасау тәуекелдерін жоққа шығармайды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, лизинг берушілердің шекті операцияларын 30 000 000 теңгеге дейін төмендету қажет деп санаймыз», делінген құжатта.

Сонымен бірге құжатта қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы ақпаратты анық емес толтырғаны үшін Қаржылық мониторинг субъектілері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынылған. Өйткен қазіргі уақытта заңнамада дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін жауапкершілік жоқ, бұл өз кезегінде кірістерді жылыстату тәуекелдерінің артуына себеп болады.

Сондай-ақ оқыңыз