Жаңалықтар

Қазақстан резиденттерінің шетелдегі активтері қай елдерге салынған?

Фото: shutterstock.com

2023 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының шетелдегі активтерінің жалпы көлемі 184 млрд долларды құрады. Соңғы 10 жылда ол тікелей инвестиция (+16%, 34 млрд долларға дейін) мен резерв активтердің (+47%, 36 млрд долларға дейін) қарқынды өсуі есебінен 4% көбейді. Дегенмен, активтердің жалпы құрылымы аздап өзгерген. Оның негізін тікелей (18%)және портфелді инвестиция (41%) құраса, «басқа инвестициялар (негізінен кредит) мен резерв активтердің үлесі сәйкесінде 21 және 20 пайыз.

Сала бойынша алып қарасақ, Қазақстан резиденттерін шетел қаржы секторындағы компаниялар (активтердің 39%), мемлекеттік органдар (32%), холдингтер (11%), мұнай өндіруші компаниялар (4%), металлургия және сауда компаниялары қызықтыратыны байқалады.

Халықаралық активтердің негізгі иелеріне шолу осы құрылымның ішінде бөліністі түсіндіруге көмектеседі. Халықаралық инвестициялық позиция статистикасына Ұлттық қордың халықаралық активтері де кіреді. Қазір оның көлемі 58 млдр доллардан асып, Қазақстан халықаралық активтерінің 31 пайызын құрайды. ҚР Қаржы министрлігінің есептеріне сәйкес, 2021 жылдың аяғындағы ҰҚ жинақ портфелі активтерінің құрылымында АҚШ (47,7%), еуроаймақ елдері (10,8%), Жапония (6,4%), Ұлыбритания (5,4%), Канада (3,8%) бөлінді), Австралия (2,9%), Қытай (1,6%), Мексика (1,4%), Индонезия (1,2%), Швейцария (1,1%) және Оңтүстік Корея (1,1%) ерекше көзге түседі. Ол кезде ҚР Ұлттық қор жинақ портфелі активтерінің жалпы көлемі 5 50,4 млрд долларды құрады.

Бұл статистикаға БЖЗҚ-ның халықаралық активтері де кіреді. Осы кезеңде шамамен $5,3 млрд шетел үкіметтерінің облигациялары және резидент емес компаниялардың облигацияларына салынған. БЖЗҚ топ-менеджерлері АҚШ, Мексика, Колумбия, Сауд Арабиясы, Индонезия және Филиппин сынды елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына қор қаржысын инвестициялаған.

Халықаралық инвестициялық позиция статистикасы бойынша, қазақстандық инвестицияның негізгі бағыты – АҚШ. Американың үлесіне келетін активтердің көлемі 57,1 миллиард долларды немесе халықаралық активтердің 31,0%-ын құрайды. Бұл негізінен портфельдік инвестициялар (41,3 млрд доллар).

Екінші орында 21,5 млрд доллар активпен Нидерланды тұр ( 11,7%), ал бұл активтер негізінен тікелей инвестициялармен ұсынылған – $19,3 млрд. Айта кетейік, қазақстандық мұнай-газ активтеріндегі акцияларға иелік ететін компаниялар негізінен Нидерландыда тіркелген.

Ұлыбритания 10,3 миллиард доллар активпен (5,6%) тізімде үшінші орында. Бұл елдегі қазақстандықтардың портфелі анағұрлым әртараптандырылған: портфельдік инвестициялар – $3,4 млрд, тікелей инвестициялар – $1,5 млрд, «басқа инвестициялар» – $4,8 млрд, резервтік активтер – $0,6 млрд. Соңғы 10 жылда Қазақстан резиденттерінің Ұлыбританиядағы активтерінің көлемі 39 пайызға азайды.

Ресей 7,4 млрд доллармен (4,0%) төртінші орына келеді. Қазақстандықтар Ресей Федерациясына несие береді («басқа инвестициялардың» көлемі 4,4 млрд доллар) немесе тұрақы тікелей инвестиция(2,7 млрд доллар) салады. Онжылдықта Қазақстан резиденттерінің Ресей Федерациясындағы активтерінің көлемі 9%-ға қысқарды.

Қытай алғашқы бестікті 4,5 миллиард доллармен (2,4%) жапты. Бұл елдің үлесіндегі актив көлемі 10 жыл ішінде 87%-ға өсті. Қытайға салған инвестициямыздың негізгі үлесін несие (3,1 млрд доллар) құрайды, сонымен қатар портфельдік инвестициялар (0,7 млрд доллар) және тікелей инвестициялар (0,2 млрд доллар) бар.

Кайман, Сейшель, Бермуд және Виргин аралдарының активтерін бөлек атап өткен жөн. Осы бірнеше оффшорлық компания үлесіне қазақстандықтардың 9,1 миллиард доллар активі немесе Қазақстан Республикасы резиденттерінің шетелдегі жалпы активінің 4,9%-ы келеді.

Қазақстан резиденттерінің шетелдегі активтері туралы деректер толығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің халықаралық инвестициялық позиция (ХИП) туралы мерзімдік есебінен алынған.

Халықаралық инвестициялық позиция (ХИП) – белгілі бір күнге елдің сыртқы қаржы активтерінің (резервтік активтерді қоса) және міндеттемелерінің жинақталған қорларының құны мен құрылымын көрсететін статистикалық есеп.

«Елде бар халықаралық қаржы ресурстарымен және басқа елдер алдындағы оның берешегі арасындағы арақатынас (елдің сыртқы қаржы активтері мен  міндеттемелерінің айырмасы) елдің таза ХИП-ін білдіреді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін. Таза ХИП қаржылық емес активтердің құнымен жиынтықта экономика капиталының таза құнын (ұлттық активтер мен пассивтер балансын теңестіруші бап) көрсетеді», делінген ҰБ хабарламасында.