ҚазМұнайГаз «Болашақ» жобасына стратегиялық серіктес іздестіріп жатыр

Жарияланды
ҚМГ
Фото: ҚМГ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Болашақ» жер қойнауын пайдаланудың жаңа жобасын бірлесіп жүзеге асыру үшін стратегиялық серіктес іздестіріп жатыр. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.  

«Жер қойнауын пайдаланудың жаңа жобасының атауы – «Болашақ», Болашақ жер қойнауы учаскесі. Жер қойнауы учаскесінің орналасқан жері – Маңғыстау облысы, ішінара Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасады. Жер қойнауы учаскесі – координаттарын көрсете отырып, Мемлекеттік қорды басқару бағдарламасына енгізілген, сонымен қатар ұлттық компанияларға жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған жер қойнауы учаскесі аумақтарының тізбесіне кірген», делінген хабарламада.

Бұл жобаға серіктес болып кіретін компанияға «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне сәйкес талаптар әзірленген. Оған сәйкес, қазақстандық немесе шетелдік заңды тұлға ұйымы серкітес бола алады. Ол ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында және (немесе) шетелде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын жүргізуде кемінде 5 жыл оң тәжірибесі болуға тиіс. Сондай-ақ ұйымда мұнай-газ саласында кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесі бар білікті мамандардың болуы шарт.

«Жер қойнауын пайдаланудың жаңа жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін, қаржы есебімен және өзге де құжаттармен расталған Ұйымның жеткілікті қаржылық тұрақтылығы. Ұйымның жеке капиталы кемінде 100 000 000 (жүз миллион) АҚШ доллары болуы тиіс», делінген компания хабарламасында.

Ұйымдар үміткерлерге қойылатын талаптарды растау үшін құжаттарды ұсына отырып, өтінімдерін «Болашақ» жер қойнауын пайдаланудың жаңа жобасын бірлесіп іске асыру үшін стратегиялық серіктес іздеу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей беруі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз