ҚМГ мен ЛУКОЙЛ консорциум құру мәселесін қарастыруда
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Астрахань қаласында «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ басшылық құрамымен кездесті, деп хабаралайды ҚМГ баспасөз қызметі.
Кездесуде ҚМГ мен «ЛУКОЙЛ» компанияларының Каспий теңізі қайраңында «Қаламқас теңіз, Хазар, Әуезов» бірлескен жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мұнай кен орындарының бірте-бірте сарқылуына және 2030 жылға қарай өндірілетін мұнай көлемінің азаюына байланысты «Қаламқас теңіз» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмыстарын бастау жөнінде шешім қабылдаған болатын.
«ҚазМұнайГаз бен ЛУКОЙЛ компанияларының бірлескен жобасы Президенттің жаңа кен орындарды игеру және геологиялық барлау бағытына белсенді түрде инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асырылуда. Қазіргі уақытта біз жобаның операторы – «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС құру бойынша рәсімдерді аяқтап қалдық. Жыл соңына дейін жобалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіне шығуды көздеп отырмыз», деді Мырзағалиев.
Кездесуде, сондай-ақ, Қаламқас, Хазар және басқа да күрделі жобалардан бөлек, «ҚМГ Инжиниринг» және «ЛУКОЙЛ-Инжиниринг» компаниялары арасында инжиниринг және ғылыми-техникалық сүйемелдеумен қатар, операциялық қызмет бойынша да өзара байланыс орнату мақсатында консорциум құру перспективасы қаралды.
Еске сала кетсек, 9 ақпанда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан секторында «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауындағы учаскені игеру жобасы бойынша келісімге келді. Тараптар Үлескерлер келісіміне, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жарғылық капиталындағы 50% үлесті сатып алу-сату шартына және Үлескерлердің оператор қызметін қаржыландыру шарттары туралы құжаттарға қол қойды.
Ал тамызда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС-нің 50% үлесін «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ пайдасына сату бойынша корпоративтік рәсімдердің соңғы кезеңіне жеткені хабарланды.
Қаламқас теңізі 2002 жылы ашылған, ол Қашағаннан оңтүстік-батысқа қарай 120 км жерде және Хазар кен орнына өте жақын орналасқан. Қаламқас-теңіз бен Хазардың жалпы алынатын қоры 67 миллион тонна мұнай мен 9 миллиард текше метр газға бағаланады. Кен орнында алғашқы өндіріс 2028 жылдың соңында басталады деп жоспарланып отыр. Бұл жерден жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарлануда.