Тергеу басталды: «ҚазАвтоЖол» филиалы тендер өткізбестен 2,3 млрд теңгеге мәміле жасаған
Фото: kursiv.media
«ҚазАвтоЖолдың» Көкшетаудағы филиалы тендер өткізбестен 2,3 млрд теңгеге мәміле жасаған. Көлік прокуратурасы тергеуді бастады.
Көкшетаудағы «ҚазАвтоЖол» филиалы Есіл өзені арқылы өтетін көпір апатты жағдайда екенін алға тартып, конкурс өткізбестен, келісімге отырған. Мәміле сомасы 2,3 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржыға мердігер республикалық «Жақсы-Есіл-Бұзұлық» тас жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа көпір салуы керек еді.
Алайда көпір миллиардтаған теңгеге жөндеу жүргізетіндей апатты жағдайда емес. Сонымен қатар филиалдың тендер өткізбестен келісімге отырардай және филиалдың тендерге кедергі келтіретін басқа себебі жоқ екені белгілі болды.
Филиал 200 миллион теңге аванс бергенімен, жұмыс басталмаған.
Нәтижесінде «ҚазАвтоЖол» филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену бабы бойынша тергеу басталды.
Айта кетейік, 2023 жылдың наурыз айында Курсив «Қазақстан темір жолы» АҚ Алматы филиалында аса ірі көлемде қаражат ұрланғанын жазған болатын
Алматы көлік прокуратурасының бухгалтерлік материалдарды зерделеу барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы»-«Алматы жүк тасымал бөлімшесі» филиалы лауазымды тұлғасының аса ірі мөлшерде ақша ұрлағаны анықталған. Ақпаратқа сәйкес, «К» есімді лауазымды тұлға, филиал қызметкерлері емес адамдардың банк шоттарына 82 млн теңгеден астам соманы аударған.