Үлескерлерден 606,5 млн теңге заңсыз жинап алғандардың үстіне қылмыстық іс қозғалды
Фото: shutterstock.com
Үлескер қаржысын тартуға рұқсаты болмаса да, халықтан алдап 606,5 млн теңге жинап алған ЖСШ басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар сот санкциясымен қамауға алынған.
ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ЖШС басшылары үлескерлерден заңсыз ақша жинады деген күдікпен қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Қылмыстық істі тергеу барысында ЖШС-нің лауазымды қызметкерлері 2021-2023 жылдар аралығында үлескерлердің ақшалай қаражатын тартуға рұқсаты болмай, пәтерлерді ерте кезеңде брондау арқылы азаматтарды үлестік құрылысқа белсенді тартқаны анықталды», делінген хабарлама.
Қазіргі уақытта тараптардың қосымша келісімдер жасасу арқылы пәтерлерді алдын ала брондау шарттары үзілген.Сот шешімімен ЖШС-нің құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға лицензияның қолданылуы тоқтатылды.
Тергеу жалғасуда.ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат таратылуға жатпайды.
Соңғы екі жыл көлемінде үлескерлікке қатысты 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған.Құрылыс салушылардың азаматтарға келтірген шығыны 30 млрд теңгеден асқан. Азаматтардан қаржыны заңсыз жинағаны үшін 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 250 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, нарықтың 28 пайызы ғана заңды бағытта жұмыс істеп жатыр.
Осыған орай құрылыстың бастапқы сатысындағы үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жасалған.
Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпараты бойынша, елімізде 585-ке жуық тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қауымдастықтың бағалауы бойынша, соның 486-сы мемлекеттік сақтандырусыз салынып жатыр.