«9 айдан кейін шығуы мүмкін»: Қайрат Боранбаев 6 жылға сотталуға келісті
Фото: kursiv.media
Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотында кәсіпкер Қайрат Боранбаевпен басқа да сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралды.
БОРАНБАЕВТЫ 6 ЖЫЛҒА СОТТАУДЫ СҰРАДЫ
15 қыркүйекте өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бұған дейін Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды, артынша апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойған еді.
«Қайрат Боранбаевты 6 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады. Сондай-ақ жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуін сұрады. Қазақстан президентіне Қайрат Боранбаевты «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізуді сұрады», – деді мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев.
Қылмыстық іс бойынша сотталушы Роман Нахановты мүлкін тәркілеп, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Тайыр Жанұзақты 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал оның адвокаты сот алқасынан Жанұзақтың кішкентай қызын жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескеріп, жазаны өтеу мерзімін шегеруді сұрады.
Сондай-ақ іс барысында судья Айсұлу Сламбекова Қайрат Боранбаевтан «процессуалдық келісімге келістіңіз бе» деп сұрады. Боранбаев келіскенін, шығын көлеміне де қарсы емес екенін айтты. Сондай-ақ процессуалдық келісімге қол қойғанын және қолдайтынын мәлімдеді.
ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?
Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаев және басқа сотталушыларға не себепті 6 жыл сұрағанын түсіндірді. Ресми ақпарат бойынша «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп және оларды заңдастыруға қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасады.
Заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті – шарттары сотталушылардың ерікті түрде ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі.
«Сотталушылар кінәсін толық мойындауын және 14,5 млрд теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады», – делінген ақпаратта.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Боранбаев пен Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуіде мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті.
Мұндай жаза мөлшері Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігінің талаптарына сүйеніп айқындалды. Оған сәйкес іс жүргізу келісімі жасалған жағдайда жазаның мерзімі мен мөлшері қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінің тиісті бабында көрсетілген жоғары мерзімінің жартысынан аспауға тиіс.
ҚК-нің 189 және 218-баптары бойынша ең жоғары жаза 12 жылдан аспайтынын ескере отырып, сотталушыларға тиісінше 6 және 5 жылдан бас бостандығынан айыру тағайындау ұсынылды.
БОРАНБАЕВ 9 АЙДАН КЕЙІН БОСАП ШЫҒУЫ МҮМКІн
Заңгер Бауыржан Азанов Боранбаев айыпталып отырған қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 189-бабы бойынша кінәлі деп тануды, 218-бабының 3-бөлігі сыбайлас жемқорлық әрекеті емес екенін, экономикалық қылмыс екенін айтады. Соған байланысты Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін.
«Боранбаев 2022 жылдың наурызынан бері қамауда отыр. Қамаудағы бір күнін қауіпсіздігі орташа мекеде өтейтін 1,5 күнге тең деп қарайтын болса, Боранбаев 9 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның экономикалық қылмыс жасағаны ескеріледі, яғни бұл сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс емес. Қылмыстық кодекстің 72-бабында жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату талаптары көрсетілген. Мұндай бапты ол жазаның тең жартысын өтегеннен кейін басшылыққа ала алады. 6 жылдың тең жартысы – 3 жыл. 2022 жылдан бері қамауда отырғаны 2 жыл 3 ай деп саналса, 9 айдан кейін шығуы мүмкін», – деді заңгер Азанов.
ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ
2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталған еді.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.
«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», – деді мемлекеттік айыптаушы сот процесі барысында.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.
Алайда айыпталушылар Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.
Прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталған еді.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін ол тергеумен келісімге келуге келісті.