Әлихан Смайылов еліміздегі туризмді дамыту шараларын атап өтті

Жарияланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен өтіп жатқан Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда сөз сөйледі. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі қазақстандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Премьер-Министр өз сөзінде мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды.

«Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл – ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, туристік турларды ұйымдастыру және биологиялық әркелкілікті сақтау үшін инвесторлар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып отыр.

«Мұндай күш-жігердің жарқын мысалы – Іле-Алатау, Шарын және Алтын-Емел сияқты орындарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлердің пайда болуы. Экологиялық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, біз туристердің санынан гөрі олардың саяхаттарының сапасын арттыруға көшу жолында жұмыс істеп жатырмыз», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов айтуынша, Қазақстан халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алады. Мәселен, Ұлы Жібек жолы мен Каспий теңізі бойынша кешенді саяхаттар, Байқоңыр мен Бурабай, сондай-ақ Алматыдағы «4 маусым» туры сияқты жерлерге бару туристердің арасында қызығушылық тудырады.

Премьер-Министр бүгінде Қазақстанда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын еске салды. Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келеді.

«Өткен жылдан бері мемлекеттік қолдау шаралары бойынша туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жобалары қамтылды. Шетелдік туристер тарту үшін мемлекет туроператорларға да субсидия береді. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалар әуе билеттері субсидияланады», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынды. Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері есігін айқара ашты.

«Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы отандық туризмнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеру бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты елдің туристік брендін әзірлеп, халықаралық ақпарат кеңістігіндегі танымал ету жұмыстарын күшейту керек.

«Визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау, виза алу рәсімдері мен әуежайларда бақылаудан өтуді де жеңілдету қажет», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар инвестициялық белсенділікті арттыру үшін туризм жобаларына жеңілдікпен несие беру мерзімдерін ұзартуды пысықтау және туризм нысандарына инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейту талап етіледі.

«Түрлі туристік бағыттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие екенін көріп отырмыз. Бұл туралы бизнес тарапы да ұдайы көтеріп келеді. Біз бұл мәселеге республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де қолдауды арттыруға ниеттіміз», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жол бойындағы сервистік нысандарды пайдалану сапасы мәселелерін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.

«Ауыл тұрғындары, шаруалар мен бағбандар өз шаруашылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс таба алады. Ол үшін біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек. Community based tourism – әлемдік тренд, одан қалыс қалмау керек», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Туризм және спорт индустриясын қолдау корпоративтік қорының мәселелерін оған спорт саласының ғана емес, туризм саласының да жобаларын қаржыландыру құқығын бере отырып, шешу маңызды екенін атап өтті. Әлихан Смайылов саланың даму әлеуеті зор екенін және қосымша жұмыспен қамтып, азаматтардың табысын арттыра алатынын айтты.

«Сервис пен қызметтердің сапасын арттыру аясында саланы цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Туристердің, әсіресе олардың таулы жерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау маңызды. Одан бөлек қонақүйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру бойынша жұмысты бастау қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сөз соңында Премьер-Министр форумға қатысушыларды келесі жылы еліміздің бас қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

«Бұл ауқымды іс-шарада қонақтар көшпелі халықтардың ерекше мәдениетімен танысып, бірегей ойынға куә болатынына сенімдімін», — деді Үкімет басшысы.

Форум қорытындысы бойынша туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз