АҚШ санкциясы: қара тізімде атын өзгертіп, Қазақстанда қайта тіркелген ресейлік компания бар

Жарияланды
Фото: kursiv.media

АҚШ Ресейге қарсы санкциялар тізімін кеңейтіп, онда зауыттар мен банктер, өндіріс және құрылыс компаниялары, мұнай сервистік компаниялары және 150-ден астам адамның есімі кірді. Мұнай сервистік компаниялары арасында Қазақстанда ірі жобаларды жүзеге асырған «Велесстрой» ЖШС да бар.

Америка бұл қара тізімге ілінгендер Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысты, немесе елге белгілі бір тауарларды жеткізу тізбегіне қатысады. АҚШ қаржы министрлігі Ресейге қарсы санкциялар тізіміне ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенімен, оның қаржы институттарымен, технология жеткізушілерімен және «әскери жеткізу тізбегімен» байланысты деген 100-ге жуық адамды, сонымен қатар, «Ресей билігін қолдайтын» және «Украинадағы соғыс қимылдарын жалғастырудан пайда көрген» 70 адамды қара тізімге енгізді.

«Бүгінгі санкциялармен Америка Құрама Штаттары Ресейдің әскери жеткізу тізбегін бұзуға және Владимир Путиннің Украинамен айуандық соғыс жүргізуіне қажет құрал-жабдықтардан, технологиялардан және қызметтерден бас тартуға күш салуын жалғастырады. Шабуылдан пайда көрген және Кремльге жақын орналасқан жеке және заңды тұлғалар жауапқа тартылады», – деді АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен.

Құрама Штаттарда орналасқан немесе АҚШ азаматтарының бақылауындағы қара тізімдегілердің барлық активтері бұғатталған. Сонымен қатар, акцияларының жартысынан көбі тікелей немесе жанама түрде санкцияланған тұлғаларға тиесілі ұйымдардың активтері де бұғатталмақ.

Осы жолы ресейлік мұнай сервистік компаниялары да санкцияға ілінді. Атап айтқанда, мұнай-газ инфрақұрылымын салу бойынша ірі мердігерлердің бірі «Велесстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылғы санкциялар тізімінде. Бұл компания «Шығыс Сібір – Тынық мұхит» мұнай құбырының бірқатар негізгі нысандарын пайдалануға берген.

Аталмыш компания өз еліндегі ғана емес, сонымен бірге шетелдік ірі жобаларға да қатысқан. Мәселен, мердігер компания Қазақстанда Теңіз кен орнындағы 3GI газ айдау зауытының құрылысы жобасына қатысқан.

Жақында қазақстандық «ВЕЛЕССТРОЙ» ЖШС құрылтайшылары мен атауын өзгертті. Қазақстанда ол компания «ASPAN CONSTRUCTION COMPANY» ЖШС болып қайта тіркелді.

Сонымен бірге «Стройгазконсалтинг», «Стройгазмонтаж» және «СтройТрансНефтеГаз» компанияларының активтері негізінде құрылған «Газстройпром» АҚ да қара тізімге енді. Мұнай-газ саласына арналған перфорациялық жүйелер мен химиялық реагенттер шығаратын «БашВзрывТехнология» АҚ және газ концерніне геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін «Газпром Недра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де АҚШ санкциясына ұшырады.

Осы жолғы тізімде ресейлік «Ақ барс» және «Синко банк» банктері де бар. Сонымен бірге ресейдің ірі машина жасау зауыттары да санкцияға ілінді. Атап айтқанда, «АвтоВАЗ», «Газ» Group автомобиль өндіруші компаниялары, өнеркәсіптік сорғылар мен компрессорлар өндіруші «ГМС Group», әртүрлі салаларға арналған металл бұйымдарын шығаратын «Киров зауыты», техникалық газдарды өндіруге, өңдеуге, тасымалдауға және сақтауға арналған жабдықты өндіруші «Криогенмаш» ААҚ, «Москвич» Мәскеу автомобиль зауыты, электр станциялары мен электрі өнеркәсібі үшін турбиналар мен электр жабдықтарын өндіруші «Силовые машины» зауыты, «Соллерс» автокөлік өндіруші компаниясы, «Тонар» машина жасау зауыты, «Біріккен металлургиялық компания» болат құбырлар мен басқа да металл бұйымдарын өндіруші компаниясы және В.В.Воровский атындағы Тихорецкий машина жасау зауыты бар.

Сондай-ақ оқыңыз