Қазақстан Президенті Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын автоматтандырылған жүйе енгізуді ұсынды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысында Ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын автоматтандырылған жүйе енгізу де бар.

Қазақстан басшысы Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн деп есептейді.

«Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтау маңызды мәселе болып қала береді. Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді», – деді Президент.

Екіншіден, ол аймақтағы барлық елдің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құруды ұсынды.

«Біздің ойымызша, Халықаралық су-энергетика концорциумы осындай механизмнің рөлін атқара алар еді», – деді Тоқаев.

Президенттің тағы бір ұсынысы – Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу.

«Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді», деп тұжырымдайды мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев Орталық Азиядағы қуаңшылық 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады деп мәлімдеді.

2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана халықаралық форумында» Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдау үшін көбірек қаржы бөлуге шақырған болатын.

Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал, Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.

Атап айтқанда,  қазіргі таңда Дүниежүзілік банк пен Қазақстан үкіметі экология саласындағы қолға алынуы мүмкін болашақ жобаларға қатысты консультациялар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Душанбеде өткен «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» кезінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша тұрақты даму секторының жетекшісі Джейн Эбингер мәлімдеді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк Арал теңізінің солтүстігіне қатысты жоба әзірлеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз