Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция желге ұшты ма?
Фото: kursiv.media
Сарапшылардың баян етуінше, тәуелсіздік алған 1991 жылы ауыл шаруашылығының экономикадағы үлесі аса мол болған – 36 пайыз. Мұнай-газ секторы ол кезде небәрі 4 пайыздық үлеспен шектеліпті. Жаңа кен орындары ашылғаннан кейін жағдай күрт өзгерді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығының үлесі 20 пайызға дейін қысқарған, есесіне мұнай-газ секторының үлесі 39 пайызға артты.
«Кеңес одағы тарағаннан кейінгі өтпелі кезеңде ауыл шаруашылығы экономикалық қиындықтармен, инвестицияның қысқаруымен және урбанизациямен бетпе-бет ұшырасты. Мұның бәрі бұл саладағы өнімділіктің бірте-бірте төмендеуіне алып келді. Оның есесіне мұнай-газ саласы ерекше қарқынмен дами бастады, ірі кен орындары мол табыстың қайнар көзіне айналды. Бірақ Қазақстанда ауыл шаруашылығын өркендетудің үлкен әлеуеті бар еді. Бұған жер көлемі де, климаттық жағдай да мүмкіндік берді. Еліміздегі жердің 75 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жарамды. Меніңше, аталған саладағы ең өзекті проблема – ауыл шаруашылық техникаларымен және технологиямен жарақтандырудың төмен деңгейі, табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану, ұсақ тауарлық емес шаруашылықтардың көптігі, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу деңгейінің төмендігі», дейді сарапшы Абзал Нарымбетов.
Дегенмен соңғы бір жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі 22 пайызға артқан. Салымның негізгі бөлігі сектордағы кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен жүзеге асыпты. Биыл қаңтар-маусым аралығында ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 432,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырғы жылдың ұқсас кезеңінен 26,2 пайызға жоғары.
Банктік емес заемдық қаражаттың инвестициялық портфелдегі үлесі жылдық 31,5 пайыз өсімді көрсеткен. Сөйтіп, 106,1 млрд теңгеге жеткен. Керісінше, банк несиелері 5,1 пайызға, 20,3 млрд теңгеге дейін қысқарған. Инвестицияның өсіп жатқанына қарамастан ауыл шаруашылығы саласы әлі де болса капиталдық салымдарға мұқтаж. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу көрсеткіші 76 пайызға жетіп отыр. Өткен жылы отандық кәсіпорындар шығарған 15 мыңнан астам техниканың өзі агроөнеркәсіп кешенінің жұмырына жұқ болатын емес.
Аналитик Фарида Сәдуақасова отандық аграрлық саланың дамуын тежеп тұрған төрт факторды бөле-жара атайды. Олар: әркез жайлы бола бермейтін және болжап болмайтын климат, арзан және ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімсіздігі, қажетті сандағы және сападағы ауыл шаруашылық машиналарының жетіспеушілігі, бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнының өсуіне алып келіп жатыр және төртіншісі – кадр тапшылығы. 2023 жылдың бірінші тоқсанында сектордағы жұмыс істейтін адам саны 1 миллионнан асқан. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,4 пайызға төмен. Олардың 611,8 мыңы – ерлер, 424,6 мыңы – әйелдер.
Экономикалық зерттеулер институты салалық талдау орталығының жетекші сарапшысы Аят Наурызовтың айтуынша, ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңындағы даму шыңында ауыл шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 35 пайызға жеткен екен.
«Ең дамыған бағыттарға шалғайдағы мал шаруашылығы және дәнді дақылдардың тәлімін (суарылмайтын) өсіру кірді. 90-шы жылдардағы жоспарланған экономикадан нарықтық қатынастарға көшу жалпы экономикалық құлдыраумен және ауылшаруашылық өндірісінің төмендеуімен қатар жүрді. 1990 жылы елдің ЖІӨ-сі 47,9 млрд рубльді құрады, оның ішінде ауыл шаруашылығына 16,3 млрд рубль тиесілі болды, яғни ауыл шаруашылығы ел ЖІӨ-сінің 34 пайызын қамтамасыз етті. 2022 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 103 трлн теңгені құрады, бұл ретте ауыл шаруашылығының ұлттық экономикаға қосқан үлесі – 5,2 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанды Әзірбайжан (5,1 пайыз), Болгария (5 пайыз), Латвия (5,8 пайыз), Румыния (4,9 пайыз), Литва (4,4 пайыз) және Исландия (4,5 пайыз) сияқты елдермен салыстыруға болады. Басқа елдердің мысалдарын да алуға болады: Тәжікстан (27,1 пайыз), Өзбекстан (25,2 пайыз), Албания (21,3 пайыз), Қырғызстан (13,7 пайыз), Украина (9,3 пайыз), Франция (2,1 пайыз), Германия (1,2 пайыз)», дейді сарапшы.
Бұл ретте ол агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестицияларды да санамалайды. Есептеуінше, 2008-2022 жылдар аралығында АӨК-ке түскен инвестициялар 10 еседен астам, 74 млрд теңгеден 853 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
«Алайда ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі ұлттық экономикаға салынған инвестициялардың жалпы көлемімен салыстырғанда салыстырмалы түрде аз болып қала береді – 2022 жылғы экономикаға салынған барлық инвестициялар сомасының 5,5 пайызы. АӨК-ке шетелдік инвестициялардың түсімі өте төмен деңгейде қалып отыр. Осылайша, 2021 жылы тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) жалпы ағыны 28 млрд долларды құрады. Салалар бөлінісінде ТШИ жалпы ағынындағы ең үлкен үлесті тау-кен өнеркәсібі алады – 43,4 пайыз немесе 12,1 млрд доллар. ТШИ жалпы ағынындағы ең аз үлесті сумен жабдықтау саласы иеленеді (15,7 млн доллар)», деп атап өтеді Аят Наурызов.
2022 жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімі экспортының көлемі 44 пайызға ұлғайып, 5,5 млрд доллар болған (2021 жылы – 3,8 млрд доллар). Экспорт құрылымында дәстүрлі түрде өсімдік шаруашылығы басым: 2021 жылы – 2,3 млрд доллар, 2022 жылы – 3 млрд доллар. Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі айтарлықтай өсті: 2021 жылы – 1,4 млрд доллардан 2022 жылы 2,3 млрд долларға дейін (1,6 есе).
Мал шаруашылығы тауарлары импортының көрсеткіші 2021 жылғы 153 млн доллардан 2022 жылы 287 млн долларға дейін айтарлықтай өскен (1,9 есе). 2023 жылдың алғашқы бес айында өсімдік шаруашылығы тауарларының импорты 4,6 мың тоннаны құрады, бұл 2022 жылдың алғашқы бес айынан 1000 мың тоннаға артық, алайда ақшалай баламада айырмашылық 84 млн доллардан аспады.