Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖолдың» Қытай Эксимбанкіне берешегі 730 млрд теңгеден асты

фото: baribar.kz
Фото: Tengrinews.kz

Ақпарат кеңістігінде «Қазавтожол» компаниясының Қытай Эксимбанкіне үлкен көлемде берешегі бар екені айтыла бастады. Негізгі қарыздарды анықтау нәтижесінде компанияның Қытайға қарызы 734 млрд теңгеге жеткені анықталған.  Мұндай қомақты қаржы компанияның халықаралық қаржы институттары мен банктер алдындағы жалпы берешегінің 83%-ына тең шығып отыр.

Осы сауал негізінде редакциямыз «Қазавтожол» компаниясының баспасөз қызметімен хабарласты. Өкілдер ұлттық компания болғандықтан жыл сайынғы есеп негізінде белгілі болып отырған қарызды жоққа шығармады. Компанияның Қытай банкіне қарызы 734 млрд теңгеге жеткенін растады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Үкіметі компания алған барлық қарыздар бойынша кепілгер саналады. Үкімет 2022 жылы берген кепілдіктердің жалпы сомасы 2,58 миллиард доллар болған.

Компанияның қарыздары жайлы жылдық есептегі мәліметтер:

Қаржылық есептің шыққан уақытынан бері әрі 2023 жыл көлемінде есептесек, несиелік келісімдер бойынша «ҚазАвтоЖол» Азия даму банкінен (АДБ) 17,97 млрд теңге сомасында,  Еуропалық Қайта Құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 8,78 млрд теңге және 9,24 млн доллар (4,17 млрд теңгеге баламалы) сомасында қаржыландыру алған.

Реті келгенде айта кетейік, жылдық есепте көрсетілген қарыздарға қарамастан компания жол ақысын алу жүйесіне қатысты қызмет көрсету үшін шарттарын өзгерткен жоқ.

2019 жылдың желтоқсан айында компания мен Computer vision Technologies ЖШС, «Теміржол Жондеу» ЖШС және FAR EASTERN electronic toll COLLECTION CO., LTD. арасында 11 жылды қамтитын шарт жасалған. Келіссөзде Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жол жүру ақысын алу жүйесін орнату және қызмет көрсету сапасын жетілдіру қарастырылған.

Ашығын айтқанда, компания әрбір учаске бойынша есеп жүргізіп, одан ақы алудан түсетін қаражат есебінен ғана инвестицияларды өтеуді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал инвестицияларды өтеу үшін қаражат жеткіліксіз болған жағдайда қарызды өтеу келесі кезеңге қалып, қаражат жеткілікті болған кезде төленеді.

Бұл негізде қарастырсақ, «Қазавтожол» жыл сайын осы консорциумға шамамен 12 млрд теңге төлеуі тиіс екендігіне көз жеткіземіз.

Компанияның аудиттелген ебебінен байқағанымыздай, 2022 жылы ақылы жолдарды түскен түсім 10,1 млрд теңгені құрады. Осы соманың  2,36 млрд теңгесі консорциумға жол жүру ақысын алу жүйесіне қызмет көрсеткені үшін төленген. Ал міндеттемелердің қалған бөлігі жинақтала берді. Естеріңізге сала кетейік, Шартқа сәйкес жетіспейтін сома келесі кезеңге ауыстырылады және қаражат жеткілікті болған жағдайда төленеді. Бұл ретте «Қазавтожол» «қарызға батып жатыр». Өткен жылғы берешек 17,8 млрд теңге болған.

«Қазавтожол» компаниясы – жол пайдаланушыларын, жолаушыларды қауіпсіз және ыңғайлы қозғалыс мүмкіндігімен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын автомобиль жолдарының ұлттық операторы. Ол Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меншігіне кіреді.