Орталық Азиядағы қуаңшылық 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеді. Оның айтынша, Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысына қатысты. Президент жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп пайымдайды.
«Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады», – деді ол.
Тоқаев Қазақстан да біз суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті.
«Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді.
«Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты», – деді ол.
Қазақстан – суы аз әрі тапшы мемлекет саналады. Негізінен су тапшылығы суды шектен тыс қолдану салдарынан пайда болады. Қазақстандықтар суды Еуропа халқымен салыстырғанда 3 есе артық жұмсайды. БҰҰ болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлем бойынша су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «судың да сұрауы бар» екенін айтып, суды үнемдеуге шақырды. Өйткені Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.
Биыл жазда қуаңшылыққа байланысты Жамбыл облысының 4 ауданынта төтенше жағдай жарияланды құрғақшылық салдарынан шаруалар 560 гектар алқаптағы егінінен айырылды. Оған Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегендігі себеп. Қырғызстан тарапы жаз айларында судың болмауына байланысты су жібере алмағанын айтты. Ал зардап шеккен фермерлердің шығыны – 3,3 млрд теңгеге бағаланып отыр.