Қазақстан «цифрлы көшпенділерге» виза бермек: оның артықшылығы неде?
Фото: shutterstock.com
Таяуда Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Қазақстан Республикасы аумағында «цифрлы көшпенділер» үшін арнайы мәртебе енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл жаңашыл тәжірибені қазір бірқатар ел енгізіп те үлгерді. Бұл процессуалдық тұрғыдан аталған мәртебе иелерін тұрғылықты жері бойынша тіркелу міндетінен және қазақстандық кәсіпорындарға жұмысқа орналасу қажеттілігінен босатуды білдіреді. Бұл ретте көші-қон қызметі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің талаптарын ескере отырып, мұндай жұмыскерлерді есепке алудың басқа да шарттары қамтамасыз етілуге тиіс дейді депутат.
«Олар – өзінің кәсіби міндетін атқару үшін цифрлы технологияларды пайдалана отырып қашықтан жұмыс істеушілер. Көп елдер «Digital Nomad» визасы арқылы «цифрлы көшпенділерді» өздеріне тартуға тырысып жатыр. Қазір 35 мемлекет осындай арнайы виза береді. Олардың арасында Германия, Грекия, Испания, Португалия, Аргентина, Бразилия, Мексика сияқты елдер бар. Посткеңестік елдер ішінде мұндай визаны Қырғызстан, Эстония және Грузия ұсынады. Яғни, бұл әлемдік үрдіске айналған. Мысалы, Қырғызстанда «Цифрлы көшпенді» мәртебесі 2022 жылы нормативті рәсімделді. Мәртебе Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Молдова және Ресей азаматтарына Қырғызстанда келген жері бойынша тіркеусіз және еңбек қызметін атқару үшін қажетті құжаттарсыз тұра беруге жағдай жасайды. «Цифрлы көшпенді» қызметінің ерекшелігі – ол келген еліндегі тұрғындардан жұмыс орнын тартып алмайды, бірақ баспана жалдауға, коммуналдық қызметке, тамақтану мен ойын-сауыққа, транспортқа ақша жұмсайды. Яғни, тұтынушылық экономиканың толыққанды қатысушысына айналады», деп мысал келтіреді.
Жақында Сыртқы істер министрлігінің «цифрлы көшпенділерге» виза беру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу процедурасын бастағаны белгілі болды. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, осы мақсатта шетелдіктер мен ҚР азаматтығы жоқ адамдарды шақыруды рәсімдеу ережесіне тағы бір санат — «Қажетті кәсіп иелері» санаты қосылмақ.
«Бастамашылық түзету жұмыстарын жобаны талқылау жөніндегі жұмыс тобы мақұлдады, мүдделі мемлекеттік органдар келісті, сондай ақ Үкіметтің оң қорытындысы бар. Тиісті санаттағы визаны алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұруға ықтиярхат беру Қазақстанның халықаралық еңбек нарығымен интеграциясын қамтамасыз етеді. Қазақстаннан көшіп кеткен тұлғалардың, соның ішінде ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт, мәдениет және басқа да салалардағы білікті мамандардың қайтып келуін ынталандырады», дейді Серік Жұманғарин.
«Цифрлық көшпенділерге» арналған Nomad List ақпараттық порталының мәліметінше, әлемде саяхаттап жүрген 55,4 млн-нан астам IT маманы бар. Олардың жартысынан көбі Америка азаматтары. Көшпенді IT мамандары саны бойынша алдыңғы лекте Ресей азаматтары да бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстан екі рет Ресейден иммиграция толқынына тап болды – 2022 жылдың ақпанында Украинадағы қарулы қақтығыстар басталғаннан кейін және қыркүйекте ішінара жұмылдыру жарияланғаннан кейін. Көрші елден осындай иммиграцияның салдарларының бірі IT мамандарының қоныс аударуы болды.
Қолданыстағы заңнамаға сай, Қазақстанда ұзақ уақыт болу үшін ЕАЭО-ның кез келген елінің азаматы уақытша тұруға рұқсат алуы қажет. Ол үшін қазақстандық кәсіпорынмен еңбек шартын ұсынуы қажет. Дәл осы шарт Қазақстанға қоныс аударып, Ресей немесе басқа елге қашықтан жұмыс істеуді жалғастырған цифрлық көшпенділерге кедергі болды.
Finprom агенттігінің хабарлауынша, иммиграцияның екі толқыны кезінде елге келген, еңбек шарты бойынша немесе басқа негізде (мысалы, отбасын құру үшін) уақытша тұруға рұқсат алған және басқа жұмысқа қашықтан жұмыс істейтін шетел азаматтарының саны туралы статистика жоқ. Бірақ мұндай әңгімелер көп, солардың бірі – тыйым салынғанына қарамастан, РФ-да өз компаниясында жұмысын жалғастырғысы келетіндер шешу жолдарын тапқан. Әсіресе бұл олардың жұмыс берушілеріне қажет еді. Біздегі «цифрлық көшпенділер» визасы бастамасының басты мақсаты – дәл осы адамдарды сұр аймақтан шығару, олардың елдегі мәртебесін заңдастыру.
«Қазақстандағы компьютерлік бағдарламалау саласындағы мамандардың атаулы жалақысы экономикадағы орташа көрсеткіштерден 2,3 есе жоғары. Мәселен, биыл екінші тоқсанда ҚР-да орташа жалақы 365,5 мың теңге болса, IT саласында 853,1 мың теңгеге жеткен. 2023 жылдың басынан бері веб-әзірлеушілердің, бағдарламашылардың, деректер инженерлерінің және басқа да АТ мамандарының табысы жақсы өсті. Hh.kz және басқа да рекрутингтік сайттар жарияланған бос жұмыс орындарынаға қарағанда, 853 мың теңге (немесе 1,8 мың доллар) жалақы Қазақстанда тұратын цифрлық көшпенділер үшін ең жоғары көрсеткіш емес. Жұмыстың күрделілік деңгейіне және қызметкердің мәртебесіне қарай (бастауыш, орта буын маманы, жоғары деңгей) шетелдік компаниялар IT мамандарына 3-5 мың АҚШ долларына дейін (1,3-2,2 млн теңге) жалақы ұсынады», деп мәлімдейді агенттік.
Сонымен, «цифрлы көшпенді» ұғымына кеңінен тоқталып өтейік. Қазірге дейін қалыптасқан ұғым бойынша, цифрлы көшпенді – әлемнің кез келген нүктесінде отырып жұмыс істей алатын мамандық иесі. Олар алуан түрлі цифрлы технологияларды пайдалана отырып жұмыс істейді және кафе, отель, коворкинг орталық, кітапхана сияқты нысандардың қызметін пайдаланады.
«Цифрлы көшпенді» атанудың артықшылығы:
- Белгілі бір мекенге байланып қалмау;
- Күнкөрісі төмен елдерде өмір сүру арқылы қаржыны үнемдеу;
- Өзіңе ұнайтын елде тұру;
- Кеңсе саясатын қатаң ұстанатын ортадан қашу;
- Жаңа мәдениетті көру, жаңа достар табу;
- Жаңа тілдер мен жаңа дағдыларды меңгеру;
- Саяхаттаудың арқасында көңіл көкжиегінің кеңеюі;
- Еңбек демалысы мен жұмыс графигінің еркіндігі.
Әлемнің кез келген нүктесінде отырып жұмыс істеу – көп адамның арманы. Бірақ кемшіліктер де жоқ емес. Олар:
- Ұдайы көшіп жүру адамды шаршатады;
- Жұмыс өнімділігі төмендеп кетуі ықтимал;
- «Цифрлы көшпенді» әрдайым жалғыздықпен күресіп жүреді;
- Тұрақтылық табу қиынға соғады;
- Жеке кеңістік жоққа тән;
«Цифрлы көшпенді» атана алатын мамандық иелері кімдер. Олар:
- Блогер;
- Ютубер;
- Клиенттерге қызмет көрсетуші;
- Консалтинг;
- Бухгалтер ісі;
- Маркетинг;
- Автор-фрилансер;
- SEO-агенттікте жұмыс істеу;
- Виртуалды көмекші;
- Веб-сайт жасаушылар;
- Онлайн-курс ұйымдастырушылар;
- Тіл үйретушілер.
Nomad List есептеуінше, «цифрлы көшпенділер» – өз-өздерін тәуір қамтамасыз етіп үлгерген азаматтар. Two Tickets Anywhere мамандандырылған ресурсының дерегі бойынша, жыл сайын цифрлы көшпенділер жаһан экономикасына 787 млрд доллар қосады. Егер жер бетіндегі барлық цифрлы көшпенді бір елдің адамы болса, онда ол елдің экономикасы әлемде 41-орында болар еді дейді аналитиктер.