Жаңалықтар

Уранға сұраныс ұсыныстан асып түсуі мүмкін: баға 12 жылда максимумға жетті

Соңғы айда уран бағасы бір фунт үшін 65,5 долларға дейін қымбаттап, соңғы 12 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Financial Times UxC консалтингтік компаниясының деректеріне сілтеме жасап.

Соңғы алты айда бір фунт шикізат бағасы шамамен 12%-ға өсті.

Газ бағасының қымбаттауы аясында, әлемде өзге ресурстарға сұраныс артуда. Оның ішінде уранға әлемдік сұраныс қарқынды өсті.

Financial Times мәліметінше, әлемдегі уранның шамамен 4%-ын өндіретін Нигердегі соңғы төңкеріс бағаға әсер етті. Осылайша, осы африкалық елде жұмыс істейтін француздық Орано химиялық қорлардың азайғанын атап өтті.

Бұған қоса сұраныстың артуынша Канададағы Cameco-ның Cigar Lake және Key Lake кеніштерінде өндіріс төмендейді деген болжам да нарыққа әсер етті. Компания қыркүйек айының басында хабарлағандай, Сигар көлі үшін болжам бұрынғы 18 миллион фунттан 16,3 миллион фунтқа дейін жаңартылды, ал Key Lake кен орындағы өндіріс көлемі бойынша болжам 15 миллион фунттан 14 миллион фунтқа өзгерді.

«Сондай-ақ Ресейден ядролық отын жеткізіліміне қатысты белгісіздік бағаның өсуіне ықпал етті», – деп хабарлады Trading Economics.

Financial Times басылымы дерегінше, атом энергетикасы құрылысы күрделі, жүзеге асыру мерзімі ұзақ,  құны жоғары сала. Сонымен қатар қауіпсіздік жағы да өте үлкен мәселе. Соған қарамастан оның келешегі зор.

Соңғы мәліметтер бойынша (2022 ж. шілде) әлемнің 32 елінде жалпы электр қуаты 394 ГВт болатын 440 ядролық реактор (энергетикалық блоктар) жұмыс істейді. Бүгінде тағы 54 энергоблок салынып жатыр.

2030 жылға қарай олардың саны 32-ге артады. Оның басым бөлігі Қытайда салынады. «Аспан асты еліндегі» әрбір жаңа реактор жұмысына 100 тоннадан астам уран қажет.

Сондай-ақ, АҚШ-тың атом электр станциялары үшін де шикізат қажеттілігі артады. Сондықтан сарапшылар 2025 жылдан бастап сұраныс ұсыныстан асып түседі деп болжап отыр.

Экономист Бауыржан Шурманов уран бағасы 2011 жылы Фукусима атом электр станциясындағы апаттан кейінгі ең жоғары деңгейге жеткенін айтады.

«Фукусимадағы жарылыстан кейін уран нарығы құлдырады. Көпшілікте оған деген сенімсіздік, қорқыныш пайда болды. Бірақ бұл апат жылдар өткен сайын ұмытыла бастады. Технология алға жылжып жатыр. Былай қарасақ қазір тіпті жанармаймен жүретін көліктермен де оқыс оқиғалар болады. Қазіргі таңда әлемде геосаяси қақтығысқа байланысты энергетикалық дағдарыс орын алуда. Оған қоса, көмір өткеннің еншісінде екенін, газдың қымбаттап жатқанын, ұзақ мерзімді әрі қымбат емес шешімдер қажет екенін бәрі түсінеді», – дейді сарапшы.

Оның пайымынша, газ бағасының өсуі аясында әлем елдері жұмыс істеп тұрған реакторлардың қызмет ету мерзімін ұзарту және жаңаларын салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылып жатыр, осы фактор негізінде уранға сұраныс артты.

«Канададағы Cameco-ның Cigar Lake пен Key Lake кен орнында өндіріс төмендейді деген болжам жасалды. Ал бұл біздің «Қазатомөнеркәсіптің» басты бәсекелесі», – деген Бауыржан Шурманов болашақта көптеген елдер осы атом энергетикасына көшетінін айтады.

«Әлем елдері энергетика мәселенің шешімін күтуден шаршап, атом энергетикасына көшеді. Күн және басқа баламалы энергия көздері тапшылықты өтей алмайды. Бұған қоса олар тұрақты энергия көзі емес. Осы тұрғыдан алғанда, біз әлемдегі №1 өндіруші екенімізді ескерсек, бұл біз үшін өте тиімді», – деп топшылайды экономист.

Нарықтағы ұсыныс азайып, тұтыну болжамдары артқан кезде баға әрқашан көтеріледі.

«Бірақ біз Фукусимадағы жарылысқа дейінгі деңгейден әлі де алыс екенімізді айта кеткен жөн. Жаһандық URA индексі 26,95 долларды құрайды. Жарылыс алдында ол 100 доллар болды», – деген сарапшы атом электр станцияларының дамуы бағаның өсуіне ықпал ететінін жеткізді.

Еске сала кетсек, Фукусимадағы ядролық апатқа дейін уранның бағасы бір фунт үшін 73 доллардан болды. 2011 жылдан кейін Жапония мен Германия атом электр станцияларының жұмысын тоқтата бастағанда, уран нарығындағы сұраныс ұсыныстан төмендей түсті. Бірақ қазір Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан газ бағасының қымбаттауын ескере отырып, көптеген елдердің, соның ішінде АҚШ, Оңтүстік Корея және Францияның жаңа реакторлар салуға қайта оралу жоспарлары аясында аталған отынға сұраныс өсті.

Уранның әлемдiк қорының 80 пайызы 9 ел үлесiне тиедi. Олар: Аустралия, Қазақстан, Канада, ОАР, Намибия, Нигерия, Ресей, Бразилия және АҚШ. Атап өтерлiгi, уран өндiрiсiнде алғы шептегi үш мемлекеттiң бiрi – Канада мен Австралиядан кейiн Қазақстан тұр. Соңғы зерттеу қорытындылары ел аумағында 1 млн тоннаға жуық табиғи уран қоры бар екенiн айқындап бердi. Қазақстан 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да әлемде бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл – әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы. Елдегі негізгі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атам компаниясы өнімді Қытай, Еуроодақ елдері, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада және де басқа елдерге сатады. Компанияның 2023 жылдың бірінші жартысындағы табысы 222 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдық ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33% артық.