Алаяқтар Әділет министрлігі атынан хабарласып, азаматтардың жеке деректерін сұрауда
Өздерін Әділет министрлігінің қызметкері ретінде таныстыратындар, қызметкердің жалған ID картасын көрсетіп, азаматтардан жеке деректерін сұрауда. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Оның айтуынша, алаяқтар тұрғындарды сендіру үшін мемлекеттік қызметшінің жасанды ID картасын қолданатын болған. Әділет министрлігі соңғы кездері жиілеп кеткен аосындай алаяқтық әрекеттерден сақтануға шақырады.
«Осыған орай, Әділет министрлігі бейтаныс азаматтарға немесе телефон шалған бөтен тұлғалар мен интернет-ресурстарға дербес деректері туралы (жеке куәлік деректері, ЖСН нөмірі, банк карточкаларының мәліметі, мекен-жайы) мәліметтерін таратпауды сұрайды. Егерде сіз аталған фактілермен бетпе-бет келген болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласуыңыз қажет», деп мәлім етті Талғат Уәли.
Естеріңізге сала кетейік, Әділет министрлігінің қызметі туралы қандай да бір ақпарат алғыңыз келсе, 119 нөмірі арқылы Call орталыққа хабарласуға болады.