Антикор «Азық-түлік корпорациясы» мекемесінде жемқорлық фактілері анықталғанын хабарлады

Жарияланды
Фото: unsplash және freepic

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің хабарлауынша, «Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы» АҚ өңірлік филиалдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірқатар басшылары жемқорлық жасады деп күдіктеліп отыр.

Ақпаратқа сәйкес, астық ұрлау фактілерін жасыру үшін пара беру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның көмекшілері әшкереленді.

«Сонымен қатар, жасалған қылмысты жасыру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның серіктестері пара беруге әрекет жасағандар әшкереленді. Қазіргі уақытта күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Астана қаласында қаржы департаментінің директоры мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ бас менеджеріне қатысты тергеу аяқталды.

«Тергеу барысында олар бидай түрінде тауарлық несие бергені үшін коммерциялық ұйым басшысынан 800 мың теңге сомасында пара алғаны анықталды. Арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша «Азық-түлік корпорациясы» АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің директоры әшкереленді. Ол ЖШС өкілінен 100 мың тонна бидай көлемінде тауарлық несие алу мәселесін оң және кедергісіз шешкені үшін 350 мың теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде», делінген ақпаратта.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыз