Азаматтар полицияға өздері пара ұсынады - Ішкі істер министрлігі

Жарияланды

Фото: shutterstock и polisia.kz

Азаматтар полицияға параны өздері бірінші ұсынады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің брифингінде Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма бастығы Әділғожа Құсайынов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Мысалы, Ішкі істер министрлігі Integrity Check жобасын қолға алып, тұрғындар мен қызметкерлерді адалдыққа тексеру тетігін енгізді. Ішкі істер министрлігі бұл жұмысты биыл жылы қаңтарда пилоттық форматта бастаған. Осы тексеру барысында азаматтардың пара беруге ұмтылысы анықталған.

Елімізде полицейлерге пара ұсынғаны үшін Қылмыстық кодекстің 367-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы баптың санкциясы айыппұлды не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруды көздейді. ІІМ өкілі мұны құқық қорғаушылардың жақсы білетінін айтады. Құжаттағы мәліметтерге сенсек, полиция қызметкерлері үнемі адалдық пен ар-ұят тексерісінің тезінде шыңдалады. Ал тұрғындар мұны ескере бермейді.

«Құрметті азаматтар! Сіздерге өтініш жасағым келеді. Біздің қызметкерлер оларды адалдыққа тексеріп жатқанын біледі. Сондықтан барлық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы олар өзіндік қауіпсіздік қызметіне тез арада хабарлайды», деді Құсайынов.

Оның айтуынша, өкінішке орай, көбінесе парақорлыққа бастамашылықты адамдардың, әсіресе көлік жүргізушілерінің өздері жасайды, олар осындай жолмен заңмен белгіленген жауапкершіліктен құтылуға тырысады.

ІІМ ақпаратына сенсек, жалпы есеп құжатында өткен жылдың өзінде полиция қызметкерлеріне пара ұсынған 103 азаматтың анықталғаны, осы жылы мұндай 99 факті тіркелген.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері пара ұсынғандарға қатысты жаза мен тәртіп ережесін де құжатта нақты тәпсірлейді. Олардың айтуынша, пара мөлшерінен 30 есе айыппұл салу аса маңызды.

Әділғожа Құсайыновтың сөзінше, пара берушілердің көбіне пара сомасының 20-дан 30-ға дейін еселенген мөлшерінде айыппұл салынды, ал кейбіреулері бас бостандығынан айырудың нақты мерзімдеріне сотталды.

«Мысалға, пробация қызметінің қызметкеріне 10 мың теңге мөлшерінде пара ұсынғаны үшін Алматы қаласының тұрғыны бұрын сотты болған азамат 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды. Түркістан облысында әкімшілік жауапкершілікке тартпау фактісі бойынша полиция бөлімі бастығының орынбасарына 50 мың теңге пара бергені үшін ер адамға 750 мың теңге айыппұл салынды. Астана тұрғынына 562 мың теңгеге айыппұл салынды, ол көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершіліктен құтылу үшін патрульдік полицейге 50 мың теңгені «Каспий» арқылы аударған», – деді Әділқожа Құсайынов

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі полиция қызметінің басшылары жүйелі жемқорлық қылмыстары үшін сотталғанын хабарлаған едік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Олар қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін тұрақты негізде бағыныстылардан 5-тен 10 мың теңгеге дейін бірнеше рет пара алды деп айыпталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз