Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі еліміздің аумақтық қорғанысы туралы заң жобасын әзірледі

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Еліміздің Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын әзірледі. Жоба 10 қазанға дейін «Ашық НҚА» порталында талқылауға ұсынылған.

6-тарау мен 22-баптан тұратын заң жобасының міндеті: Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесіне қаржыландырудың тиісті көлемдерімен нығайтылған мемлекеттік сектордың жекелеген саласының форматын беру; мемлекеттік органдардың елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудегі функциялары мен өкілеттіктерін айқындау; аумақтық қорғанысты бейбіт және соғыс уақытында ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындау; Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы саласында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін бекіту; Қорғаныс министрлігіне Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы саласында мемлекеттік бақылау функцияларын бекіту; Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайту деп көрсетілген.

Заң жобасының авторлары «аумақтық қорғаныс» деген ұғым енгізуді ұсынады.

«Аумақтық қорғаныс – бұл халықты, объектілер мен аумақты қорғау мақсатында соғыс жағдайы мен соғыс уақытында Қазақстан Республикасы Үкіметінің үйлестіруші рөлі кезінде аумақтық қорғаныс күштерін тарта отырып жүзеге асырылатын әскери және жалпымемлекеттік шаралар жиынтығы», – делінген құжатта.

Ал Қазақстан Республикасы аумақтық қорғанысының мақсаты – Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін арттыру, халқының, объектілері мен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Заң жобасын бойынша, ел Президенті аумақтық қорғаныс саласындағы негізгі бағыттарды айқындайды. Ал Үкімет аумақтық қорғанысты ұйымдастыруды, жоспарлауды және оған жалпы басшылықты жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың іс-шараларын және міндеттерді орындау ауқымын айқындайды, аумақтық қорғанысты дайындау және жүргізу кезінде олардың әрекет етуін үйлестіреді.

Аталмыш құжатта ел азаматтарының құқығы мен міндеттері де жазылған. Қазақстан Республикасының азаматтары жұмылдыру, төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, сондай-ақ соғыс уақытында аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға тартылады. Әскери міндетті азаматтар жергілікті әскери басқару органына шақырту бойынша уақтылы келуге міндетті.

Сонымен қатар, жұмылдыру кезінде шетелде жүрген ел азаматтары 7 күні ішінде елге оралуы шарт.

«…жұмылдыру, соғыс жағдайы жарияланған кезде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасынан тыс болған жағдайда әскери міндетті немесе әскерге шақырылушы ретінде тіркелу үшін үш күн мерзімде жақын жердегі Қазақстан Республикасының елшілігіне немесе консулдығына келуге не жеті күн мерзімде Қазақстан Республикасына оралу бойынша шаралар қабылдауға міндетті», делінген Заң жобасында.

Заң жобасы 2023 жылдың желтоқсан айына дейін Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілмек.