23 млрд теңге: Энергетика министрлігі жылу электр орталықтары отынға қанша қарыз екенін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ЖЭО-2

Фото: kursiv.media

Энергия өндіруші ұйымдардың отынға қарызы 22,8 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов мәлімдеді.

Вице-министрдің мәліметінше, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы қарызы 15 миллиард 254 миллион теңге, ал «Богатырь-Көмір» ЖШС алдындағы 7 миллиард 535 миллион теңгені құрап отыр.

Солардың ішінде Маңғыстау атом энергетикалық зауыты (МАЭК) – 11 млрд теңге, сондай-ақ «Павлодарэнерго» АҚ – 3,262 млрд теңге қарыз.

«Энергетикалық кәсіпорындар қарызын тезірек төлеуі крек », – деп атап өтті вице-министр.

Бұған дейін энергия өндіруші компаниялардың газ бен көмір үшін қарызы 19 млрд теңгеден асатыны хабарланған. Үкімет отырысында қарызы көп ЖЭО қатарында МАЭК-тен кейін Жайықжылуэнерго, Ақтөбе ЖЭО-сы, Өзен Жылу және Таразэнергоорталық тұр. 

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қалалардағы ЖЭО-ларда жөндеу жұмыстары кешіктіріліп жатыр деп мәлімдеді.

Былтыр қыста Екібастұз, Теміртау және Рудный қалаларындағы ЖЭО-да апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалғаны белгілі. Осы қалалар тәуекел аймағында тұр. Екібастұз ЖЭО-сын жөндеу жұмыстарына 20,6 млрд теңге бөлінді.

Ал қарызы 5,5 млрд теңгеге жеткен Риддер ЖЭО-сын жөндеуге 8,3 млрд теңге жұмсалады.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің электр станцияларында 10 энергетикалық блок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Бүгінгі таңда 4 энергетикалық блок, 24 қазандық және 15 турбина жөндеу жұмыстарымен қамтылған. 

Сондай-ақ оқыңыз