Жаңалықтар

Жеңіс Қасымбек Астанаға құрылыс салушыларды жасыл желек отырғызуға міндеттеді

фото: kursiv.media

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың архитектуралық көрінісін «ажарландыруға» қатысты ой айтты.  Әкім өзінің Instagram парақшасында абаттандырылатын аулалар мен қоғамдық кеңістіктер жайына тоқталып, қаланы көгалдандырудың маңызын сөз етті.

Әкімнің айтуынша, Астана қаласындағы жасыл желектің саны «жасыл экономикалық саясат» нәтижесінде 2,5 есе артпақ.

«Құрылыс салушыларға құрылыс сапасымен бірге қажетті инфрақұрылымның бәрін тиісті түрде жүргізу, аулаларды абаттандыру және аумақты көгалдандыру міндеттерін жүктедік. Осылайша биыл қолданысқа берілетін тұрғын үй кешендерінің аумағын көгалдандыру жоспарын қайта қарадық. Жасыл желектердің санын 2,5 есе арттырдық», – деді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің хабарлауынша, жеке құрылыс салушылар ендігіде қаланың жасыл жеректі болуына да жауапты. Сондай-ақ, тұрғын үйдің аумағына 100 мыңнан астам жасыл желек отырғызуға міндетті.

– Біз өз тарапымыздан қаланы абаттандыру жұмысын ары қарай жалғастырамыз. Биыл абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) саны 165-тен асады, – дейді әкім.

Астана қаласының жасыл инфрақұрылымын дамыту үшін бірқатар қолға алынған шаралар бар. Мәселен, қаладағы Қ.Мұңайтпасов, Бейбітшілік бойында жаяу жүргіншілерге арналған променадтар ашылып, «Амман» және «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелі жасалған.

Жинақтай айтсақ, өткел құрылысы Ақбұлақ өзенінің бойында топтасқан саябақтарды қосып, жасыл желектің ауқымын кеңейтіп отыр. Ал орталық жағалаудағы тарихи көшелерді жаңарату қадамы «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасы жанындағы алаңның абаттануына себеп болған.