Жаңалықтар

Астық шығымы төмен, сапа нашар: ауа райын кіналап отырған Үкімет дихандарға көмектесе ме?

Астық жинау қарқыны 2022 жылмен салыстырғанда анағұрлым төмен. Фото: shutterstock и freepik

Жиын-терін басталған кезде қатарынан үш апта толассыз жауған жаңбырдың кесірінен дихандар астық жинай алмады. Қолайсыз ауа-райының кесірінен жаңа түсімнің сапасы нашарлап, астық өніп, ылғалданып, қызып және егіс өнімділігі төмендеген.

Үкімет отырсында баяндама жасаған АШМ басшысы Айдарбек Сапаровтың сөзінше бүгінде егін алқабының 1/3-і ғана жиналған. Жалпы биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 17,3 млн. гектардан жиналуы тиіс.

«Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 6,9 млн. гектар немесе 40,0% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. 6,6 млн. тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарынан 9,5 центнерді құрады.«

Айта кету керек, 2022 жылы – 14,2 млн. тонна астық бастырылған, орташа өнімділік гектарынан 12,2 центнерді құрапты.

Биыл орташа өнімділік өткен жылғымен салыстырғанда гектарынан 2,7 центнерге төмен болып отыр.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, «Бәйтерек» холдингі мен Азық-түлік корпорациясының қаржы институттары кредиттерді ұзарту мәселелерін пысықтауы қажет. Келесі жылы қаржыландыру кезінде фермерлерге қысым жасалмауы тиіс.

«Қазіргі уақытта әкімдіктердің деректері бойынша фермерлердің алдындағы субсидиялау бойынша қарыздарды  өтеуге деген қажеттілік 155,5 млрд. теңгені құрайды. Фермерлер осы субсидиялар сомасын жылдың соңына дейін төлеуді сұрап отыр», деді министр.

Министрдің айтуынша, фермерлер Азық-түлік корпорациясының азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алуын сұрап отыр. Нарықтық бағамен сатып алуды жүзеге асыруға 20 млрд.теңге қажет.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов биылғы азық-түліктік   және жемдік астықты тікелей сатып алу үшін   Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайту мәселесін пысықтау керек екенін айтты.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөлетін болады.

«Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек», — деді Әлихан Смайылов.

Жамбыл облысындағы төтенше жағдайдың кесірінен зардап шеккен 350-ге жуық шаруаның шығынын өтеуге Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке солтүстік өңірлердегі астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қаржылай және өзге де қажетті көмек көрсетуді тапсырған болатын.