Жаңалықтар

GE Healthcare компаниясы елімізде ультрадыбыс аппараттары өндірісін ұлғайтпақ

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында GE Healthcare компаниясының елімізде ультрадыбыс аппараттары өндірісінің жергілікті үлесін арттыру және алдағы уақытта компьютерлік томография, ангиография және маммография құрылғыларын шығару жоспары туралы туралы айтылды.

Президент бұл бастама отандық дәрі-дәрмек пен медициналық техника өндірісінің үлесін 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру міндетіне толықтай сай келетінін айтты.

Роб Уолтон өз кезегінде GE Healthcare компаниясының Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді. Бұл шара науқастардың мәліметін басқару ісін оңтайландырып, нәтижесінде көрсетілетін қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ компанияның Астана медициналық университеті базасында GE Healthcare академиясы ашылды. Мұнда денсаулық сақтау жүйесі мамандарының біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оқу орны биыл қазан айында қызметіне толық кіріседі деп жаоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды жобалар бойынша GE компаниясымен стратегиялық серіктестікке жоғары баға берді.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен GE Healthcare арасында компанияның инвестициялық жобасын жүзеге асыруға қатысты негіздемелік келісімге қол қойылды.

GE Healthсare компаниясының әлемнің 140-тан астам елінде өкілдігі бар. 2022 жылы компанияның таза табысы – 19 миллиард долларға жеткен. Ал нарықтағы құны 34,5 миллиард долларды құрайды.