Тоқаевтың АҚШ-қа сапары кезінде Amazon компаниясымен Қазақстанда дата орталық құру туралы келісім жасалды

Жарияланды
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Amazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Әлемдегі ірі технологиялық компанияның өкілімен кездесу барысында «бұлтты» технологияларды дамытуға және дата-орталықтар құрылысына қатысты өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланған.

Президент Қазақстанның электронды үкімет саласындағы жетістіктеріне назар аударып, цифрлық саланы одан әрі жетілдіру үшін елімізге өз санатындағы ең мықты инфрақұрылымдық шешімдер қажет екенін атап өткен.

Сьюзан Пойнтер өз кезегінде компанияның Қазақстанмен арадағы ықпалдастығын нығайтуға мүдделі екенін және келешекте бүкіл Орталық Азия аймағын қамтуға ниет білдіріп отырғанын жеткізді.

Кездесу аясында Қазақстанның Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («ҰАТ» АҚ) мен Amazon Web Services арасында Outpost «бұлтты» технология шешімін сатып алу және оны QazTech платформасымен интеграциялау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

«Бүгін президентіміз Amazon Web Services компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында бұлттық технологиялардың, ІТ саласын және цифрландыруды дамыту мәселелері талқыланды және келісімшартқа қол жеткіздік. Яғни бүгіннен бастап осы Amazon Web Services технологиялары біздің e-Government-тің бірнеше қызметтерінде де пайдаланылады», деді Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бұл қадам жаһандық алпауыт елдердің дата-орталықтарын Қазақстанда орналастыруға және еліміздің өңірлік IT-хаб ретіндегі әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермек.

Мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орнықты даму мақсаттары» жөніндегі саммиттен кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығы мен қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері жөнінде пікірлесті.

Сондай-ақ оқыңыз