NCOC жылына 1 миллиард текше метр газ тасымалдайтын газ құбырының құрылысын бастады
Фото: kursiv.media
Қашаған кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) «Болашақ» мұнай-газ өңдеу зауытынан газ тасымалдайтын газ құбырының құрылысын бастады. Бұл құбыр – NCOC-тың жылына 1 миллиард текше метр газ жіберу жобасы негізіндегі міндеттемесінің бірі.
«Болашақ» біріктірілген мұнай және газ өңдеу зауытынан үшінші тараптың газ өңдеу зауытына дейін тартылатын газ құбырының ұзындығы шамамен 15 шақырымды құрайды.
Газ құбырын салуға арнайы тапсырыс бойынша дайындалған 16 дюймдік құбырлар пайдаланылады.
«Бұл жоба «Болашақ» газ өңдеу зауытынан үшінші тараптың газ өңдеу зауытына жылына 1 миллиард текше метр шикі газ жіберуді қарастырады. Қазіргі уақытта газ өңдеу зауытының құрылысын «QazaqGaz» ҰК» АҚ жүргізіп жатыр. Бұл жобаның сәтті іске қосылуы Қашаған кен орнындағы мұнай өндіруді тәулігіне шамамен 25 мың баррельге арттырады», – делінген NCOC баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру Қазақстан аймақтарын көгілдір отынмен қамтамасыз ететіні атап өтілді.
2021 жылдың желтоқсанында QazaqGaz мемлекеттік компаниясы (ол кездегі «ҚазТрансГаз» ҰК) мен Қашаған операторы газ өңдеу қуаттылығын арттыруды көздейтін жұмыстардың екінші кезеңінің негізгі жобасы туралы келісімге қол қойды. Жобада газ құбырынана бөлек, қуаттылығы жылына 2 миллиард текше метрге дейін күкірт диоксидін өңдейтін жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы қарастырылған.
Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы бірінші теңіз мұнай-газ кен орны, сондай-ақ елдегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Оның мұнай қоры 9 -13 миллиард баррельді құрайды. Кен орындағы өндіріс жұмыстары 2016 жылдың 1 қарашасында басталды. 2022 жылы кен орнында 12,7 млн тонна мұнай өндірілді.
Қазірге дейін Қашағанда шамамен 90 млн тонна мұнай, 55 млрд текше метр газ өндіріліп, $60 млрд-тан астам инвестиция тартылды, жергілікті қамтуды дамытуға $17 млрд-тан астам инвестиция салынған. Ел үкіметі кен орнында газ өңдеу қуатын дамытуға ниетті.
«Кен орнында газ өңдеу қуатын дамыту да өте маңызды мәселе. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырма бергені белгілі. Біз оны белгіленген мерзімде әрі толық көлемде орындауымыз керек. NCOC ұжымының алға қойған мақсаттарына жетуі үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов 7 қыркүйектегі үкімет отырысында.
NCOC акционерлері: ҚМГ Қашаған Б.В. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%), Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).
Бұған дейін Қазақстан үкіметі Қашаған ірі мұнай кен орнын игерумен айналысып жатқан акционерлерге құны 13 миллиард долларды құрайтын даулы мәселеге қатысты арбитражға жүгінетіні туралы жазған едік. Бұл туралы осы мәселеден хабары бар ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Bloomberg агенттігі хабарлаған.
Қашағанға 55 млрд доллар инвестиция салған Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE компанияларын Үкімет рұқсат етілмеген шығындар жұмсады деп айыптап, олардың үстінен сотқа шағымданған болатын.
Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.