Қазақстан «АрселорМиттал Теміртау» активтерін тартып алуды көздеп отырған жоқ – Шарлапаев

Жарияланды

Қазақстанның «АрселорМиттал Теміртау» басшылығынан компания активтерін тартып алатын ойы жоқ. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың хабарлауынша, Қазақстан инвесторлардың құқықтарын құрметтейтін ел және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-нан активтерді алуға ниетті емес.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев компания активін алып қоюдың заңнамалық нормаларына қатысты сұраққа жауап беріп, «АрселорМиттал Теміртау» активтерінің таласқа түспейтінін айтты:

«Біз инвесторлардан Қазақстан Республикасының талаптарын сақтауды талап етеміз, мұнда ешқандай «алып қою» мәселесі айтылмайды және көзделмейді. Қазақстан инвесторлардың құқықтарын құрметтейді және ешкімнен ештеңе алмайды», – деді Шарлапаев.

Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік, қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін және жұмыс орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары бар екенін еске салды. Бұл ретте Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлардың аталмыш талаптармен санасуға мәжбүр болатынын айтты.

Сонымен қатар, министр инвесторлармен «кетісу және табысудың» жай-жапсарын айтты. Оның айтуынша, егер инвестор қазақстандық нарықтан шығу туралы шешім қабылдаса, онда активті басқа инвестор немесе мемлекетпен сатып алу-сату шарты жасалатын болады.

«Заң механизмдеріне сәйкес, алда-жалда шетелдік компания қазақстандық нарық алаңынан шығуды қаласа, онда компания осы активті басқа инвестормен немесе Қазақстанмен сатып алу-сату шартын жасасады. Десе де, Қазақстанда біреудің бір нәрсесін алып кетеді деп айту. Мұндай жайға куә болатынымызға да күмәнім бар. Егер акционерге қатысты өзгерістер болса, барлығы біздің азаматтық кодексімізге сәйкес және шарттық-құқықтық қатынастар негізінде болады», – деп түсіндірді министрлік басшысы.

Еске сала кетейік, 17 тамыз күні, таңертең, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Казахстанская «шахтасында Д6 (горизонт – 170 м) көмір кенін қазуда конвейер таспасы өртенді. Шахтада 227 адам болған. Олар қапталдағы қосымша сүрлеу арқылы жер бетіне шығарылды. 222 кенші эвакуацияланды, 13-і зардап шекті. Өкінішке қарай, бес адам қайтыс болды, олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болатын.

Шахтадағы қайғылы оқиға қазақстандықтардың ешбірін бей-жай қалдырмады.

«АрселорМиттал Теміртаудың» тағдыры туралы мәселенің көтерілуіне 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында бес кенші қаза тапқан апат себеп болды. Осыдан кейін қазақстандық билік пен қоғам қайраткерлері АМТ-ның Қазақстаннан кетуі жайлы сөз қозғай бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай апаттар АМТ-ның Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді деп мәлімдеді. Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов АМТ шахталарындағы қайғылы оқиғаға кәсіпорын иелері кінәлі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.

«Қазақстан» шахтасындағы өрт себебін тексерген комиссия жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анықтады. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиғадан кейін «шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда тоқтаусыз жалғасып жатқан апаттар қазақстандық нарық талаптарымен санаспағаннан әрі өзінің инвестициялық және өзге де міндеттемелерін қатты түрде бұзғанын көрсетеді» деп атап өтті.

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов та үндістандық кәсіпкер, ArcelorMittal басқарма төрағасы Лакшми Митталдың қызметіне сын айтты. Оның Қазақстандағы қызметінің мәні қалмағанын мәлімдеді. Сөзінің маңызын кәсіпорындағы жылдан жылға өндірісті қолдауға байланысты бөлінетін инвестицияның азайып келуімен, ал жұмысшылар қаза болған апаттардың тоқтамай отырғандығымен сабақтады.

«Қазір бұл кәсіпорында меншік иесін ауыстыру мәселесі тұр. Біз Митталмен және оның адамдарымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз.( … ) Экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталғаннан кейін (АрселорМиттал Теміртау – ИФ-К) бұл мәселе түпкілікті шешіледі деп ойлаймын. Сондықтан біз бұл инвестордың Қазақстанда болуының болашағын көрмейміз», – деген еді Смайылов.

Орайы келгенде айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ArcelorMittal халықаралық болат концернінің құрамына кіреді. Компания Қазақстанда 15 көмір шахтасы мен темір рудасы шахталарына иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз