Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орнықты даму мақсаттары» жөніндегі саммиттен кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Екі тарап Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығы мен қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері жөнінде пікірлескен.
БҰҰ Бас хатшысы өз кезегінде екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан мен БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыра береді. Қазақстан – біз үшін мультилатерализмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие серіктес ел«, деді Антониу Гутерриш.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жоғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қолдауға дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ БҰҰ қызметін одан әрі жетілдіруге тілектестік білдірді.