Жамбыл облысында шаруалар 3,6 млрд теңге шығынға ұшыраған – Айдарбек Сапаров

Жарияланды
Фото: ОКҚ

Биыл ауа райына байланысты Жамбыл облысында шаруалар 3,6 млрд теңге шығынға ұшыраған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

«Жамбыл облысындағы құрғақшылық бойынша шығынды есептедік. Бүгін қаулы қабылданды. 3,6 млрд теңге шығынға ұшыраған. Шамамен 400-ге жуық шаруашылық шығынға батқан. Солтүстік өңірге келсек, арнайы комиссия құрылды. Ол жақта шығын байқалмайды. Негізінен шаруалар борыш мерзімін ұзартуды, субсидия бойынша қарызды жабуды сұрап отыр. Басқасы егін жиналғаннан кейін белгілі болады», – деді Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, Жамбыл облысында шығын көлемі 10 күн бойы есептелген.

«392 шаруашылық қатысты. Бастапқыда шығынды 7 млрд теңге деп айтты. Құжатты тексерген кезде 3,6 млрд теңге бүгін берілетін болды. Қосымша құжаттарын түзейтін адамдар болса, қосымша резервтен беріледі. Ақша резервтен алынады: қаржы министрінен облыс бюджетіне беріледі. Облыс әрі қарай қаражатты ауыл шаруашылығы департаменті арқылы таратады», – деді Сапаров.

Министр Жамбыл және Павлодар облыстарында болған қатты ыстық пен солтүстіктегі жаңбырдан шаруалардың шығынға ұшырағанын айтты.

«Егін жинау жұмыстарын жүргізуге республикада 149,9 мың трактор, 38,6 мың астық жинайтын комбайн, 13,5 мың орақ бар. 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, оның ішінде 58 мың тонна азық дайындау жұмыстарын жүргізу үшін бөлінді. Барлық шығынды ескеріп, орташа баға литріне 250 теңгені құрайды, бұл нарықтағы бағадан 15%-ға төмен. Республикада 29,9 млн тонна астық сақтауға орын бар», – деді Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан Жамбыл облысының аграрларына келтірілген шығынды өтеуге резервтен 3,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарындағы 400 Агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің 9 мың га алқаптағы егісі қуаңшылықтан зардап шеккен. Бұл жағдайға байланысты премьер-министрдің өкімімен облыста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
«Үкімет резервінен бөлінген қаражат шаруаларға шығынның орнын толтырып, келесі жылдың көктемгі дала жұмыстарына толық дайындалуға мүмкіндік береді», – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Еске сала кетсек, Жамбыл облысында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Осы жылы облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты егілген егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға кем болады деп күтілуде.

Осыған орай Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы шешім қабылданған.

Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға байланысты Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз