Шымкент қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғасы 700 млн теңге көлеміндегі қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен істі ҚМА аумақтық Департаменті тергеуде. Күдікті өзінің лауазымдық жағдайын пайдалана отырып, қала аумағындағы көпқабатты үйлердің 150 ауласын абаттандыру бойынша сметалық құжаттамада жұмыстар мен материалдардың бағасын негізсіз қымбаттатқан», делінген хабарламада.
Ол шамамен 700 млн теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініпі отыр.
«Сот санкциясымен аталған азамат ұсталып, қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», деп хабарлайды агенттік.
Еске сала кетсек, осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жемқорлар тізімі жалпыға қолжетімді болатынын хабарлады. Тізімде жемқорлық үшін сотталған адамдар жайлы деректер қамтылады. Осылайша жұмыс берушілерге әлеуетті үміткерді тазалық пен адалдыққа тексеруге мүмкіндік берілмек.