Қазақстан «Түркі инвестициялық қорына» бюджеттен 70 млн. АҚШ долларын бөлуді көздеп отыр

Жарияланды

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров / primeminister.kz

Ұлттық экономика министрі А. Қуантыров Түркі инвестициялық қорын құру мәселесіне тоқталып, келісімді ратификациялау туралы заң жобасының ерекшеліктерін түсіндірді.

Түркі елдеріндегі экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасап, жаңа технология құру, жасампаз жетістіктердің қолданыс аясын кеңейту жандандыру мақсатында Түркі инвестициялық қорын құру көзделгені белгілі.

Қор қалай құрылды?

Бауырлас елдер арасындағы ортақ қор құру жайын алған Әзірбайжан мемлекеті ұсынған еді. Бастама туысқан ұлыстар арасында қолдау тапты. 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қорды тең капиталды және тең дауыс құқығы қағидатына сәйкес құру бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.

16 наурызда Қорды құру туралы келісімге қол қойылды.

Баяндамада қордың мақсат-міндеттеріне төмендегідей сараланады:

Қордың мақсаты өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. Аталған мақсатқа жету үшін, Қор инвестициялық қызмет арқылы келесі функцияларды орындайды: атап айтқанда, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономиканы қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларын қолдау.

Қордың әлеуеті қандай?

Қуантыровтың құнтауынша, қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны $350 млн. құрайтын төленген акциялар және номиналды құны $150 млн. құрайтын қосымша тартылатын акцияларан құралған. Онда әрбір мемлекеттің үлесіне $70 млн. төленген акциялардан тұрады. Әрі қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие.

Түркі қоры және Қазақстан

Министрдің дәйектеуінше, қазіргі жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның сыртқы байланыстарын әртараптандыру аса маңызды. Түркі инвестициялық қоры бұл бағытта тиімді механизмдер құрып, экономикалық секторлардағы тұрақты өсуді қамтамасыз етуге қауқарлы.

Қуантыров «Түркі инвестициялық қорын құру» келісімін ратификациялауды қолдады.

Қорды құру келісімін ратификациялау туралы Заңның қабылдануы Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы, түркі Халықаралық қаржы ұйымының алғашқылардың бірі және толыққанды мүшесі болуға, экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері шеңберінде және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Келісімді ратификациялау теріс саяси, құқықтық, экономикалық немесе басқа салдарларға әкеп соқпайды, – деді өз баяндамасында.

Сонымен қатар, Түркі инвестициялық қорына қатысты келісім жайын талдады. Келісімнің құқықтық қатынастары, қор мақсаттары мен функцияларын, өкілеттіктерін белгілейтіндігін айтып, жарғылық капиталын талдады:

Келісімге сәйкес Қордың жарғылық капиталының мөлшері 500 млн. АҚШ доллары болатын өңірлік инвестициялық тетікті білдіретін халықаралық қаржы ұйымы мәртебесі болады. Қордың капиталы айналымға жататын төленген және тартылатын акциялардан қалыптасады. Акциялардың жалпы номиналды құны 350 млн. АҚШ долларын құрайды, олардң ішінде 70 млн. АҚШ доллары ТМҰ мүшелерінің үлесіне тиесілі және 150 млн. АҚШ доллары тартылатын акция болып табылады, – делінген баяндамада.

Мемлекет келісімде сай, алдағы 4 жылға республикалық бюджеттен
31 218 600 мың теңге немесе 70 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қаражат бөлу көздеп отыр.

Естеріңізде болса, ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешіміне сәйкес Қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әміреев тағайындалған болатын.

Түркі инвестициялық қорына қатысты ҚР Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым пікір білдіріп, мүмкіндіктеріне көз жүгіртеді:

Қаралып отырған Келісімге сәйкес Қор түркі мемлекеттері құрған алғашқы және негізгі бірлескен қаржы институты болады, оның қызметі Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы мемлекеттердің экономикалық әлеуетін жұмылдыруға, кәсіпкерлікке, оның ішінде шағын және орта бизнеске, сондай-ақ жұмыс орындарының өсуі мен ашылуына жәрдемдесуге бағытталатын болады, – дейді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз