Мирзиёевтің АҚШ-тағы олжасы: Air Products Өзбекстандағы жобаларға 10 млрд доллар инвестиция салады

Жарияланды

фото: gazeta.uz

Америкалық Air Products Өзбекстанда сомасы 10 млрд доллардан асатын жаңа инвестициялық бағдарламаны іске асыратын болды. Мұның аясында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев компания басшысы Сеифи Гасемимен бірнеше келіссөзге қол қойды. Өзбек басшысы Air Products президентін орденмен марапаттады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Нью-Йорктегі жұмыс сапары Air Products компаниясының басқарма төрағасы, президенті және бас атқарушы директоры Сеифи Гасемимен кездесті.

Кездесуге АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергетика жөніндегі орынбасары Джеффри Пайетт те қатысты, деп хабарлады Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, екіжақты әңгімелесу ауанынан байқағанымыз, кездесуде көмірді газдандыру, техникалық газдарды өндіру, сутегі мен аммоний өндіру, сондай-ақ қышқыл газдарды кәдеге жарату жобалары талқыланған.

Air Products сарапшылары декарбонизация саласында қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге де атсалыспақшы. Сонымен қатар, тағам өнеркәсібіндегі жобаларды жандандыруға ықпал ететіні айтылды.

Кездесу соңында Өзбекстанда 10 млрд доллардан астам инвестиция тартылатыны айтылды. Air Products Өзбекстандағы жаңа инвестициялық бағдарламаны іске асыру туралы келісімді мақұлдады.

Аталмыш компания Өзбекстанға инвестиция құюда елеулі рөл атқарады. Соңғы екі жылда компания Өзбекстандағы бірқатар жобаны дамытуға 1 млрд доллардан астам тікелей инвестициялары тартқан.

Air Products Өзбекстанда Uzbekistan GTL-де өнеркәсіптік газдарды қайта өңдеу, синтез-газ, оттегі және азот өндіру, «Навоиазот» базасында сұйытылған көмірқышқыл газын шығару жөніндегі жобаларды іске асырады.

Орайы келгенде айта кетейік, Air Products (NYSE: APD) әлемдегі жетекші өнеркәсіптік газ өндірушілер қатарына кіреді.Нарықта 80 жылдық тәжірибесі бар.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркқа жұмыс сапары барысында Amazon компаниясымен Қазақстанда өңірлік дата орталық құру туралы келісім жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз