Армения әскері Таулы Қарабақтан шығады: жергілікті билік Бакумен сындарлы диалог құратынын мәлімдеді
Фото: kursiv.media
Таулы Қарабақ билігі біржақты тәртіпте атысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Таулы Қарабақ басшылығы Әзірбайжан билігін республикадағы «орталық» басқарушы орган санайтынын және Бакумен сындарлы диалог құруға ниетті екенін мәлімдеді.
Мойындалмаған республика билігінің хабарлауынша, біржақты атысты тоқтату туралы шешім Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік контингентінің араласуымен жүзеге асқан.
«Ресей бітімгершілік контингентінің орналасу аймағынан Армения Республикасы Қарулы Күштерінің қалған бөлімдері мен әскери қызметкерлерін шығару және Таулы Қарабақ қорғанысының қарулы құрамаларын тарату және толық қарусыздандыру, әскери ауыр техника мен қару-жарақты Таулы Қарабақ аумағынан шығару туралы келісімге қол жеткізілді», делінген мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының ақпараттық орталығы таратқан хабарда.
Таулы Қарабақ тұрғындарының бейбіт өмірін қамтамасыз ету мәселелері жергілікті армян халқының өкілдері мен Әзірбайжан Республикасының орталық билік өкілдерінің Евлах қаласында 21 қыркүйекте өтетін кездесуінде талқыланатыны айтылған.
Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.
Өз кезегінде Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайтынын мәлімдеді.
«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.