Дәрігерлердің мәртебесі туралы заң керек
Фото; парламент сайтынан алынды
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Талғарда дәрігерлердің соққыға жығылуына байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Кеше Талғар аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімшесінде реаниматолог-анестезиолог пен мейіргерді қайтыс болған науқастың ұлдары соққыға жықты. Біз медицина қызметкеріне зәбір көрсеткен бұл өрескел фактіге жол жоқ деп есептейміз. Қатыгез күш көрсету әрекетінің кесірінен медицина қызметкерлері өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақат алды – бас сүйегі жабық түрде зақымданып, миы ісінді, қан ұю ошақтары мен сүйектердің жабық сынығы тіркелді», – деді депутат.
Сондай-ақ ол бұған дейін Алматы облысы мен Алматы қаласында болған оқиғаларды еске салды.
«Мен дәрігер ретінде ешбір доктор қолына түскен науқасқа өлім тілемейтінін айтқым келеді. Медицина мамандары күн сайын жұмыс барысында дөрекелікке тап келіп, науқастардың агрессивті туыстарынан зардап шегіп жатады», – деді ол.
Депутат Талғардағы жағдайда әділ баға беріліп, кінәлілер заңмен жазалану керегін айтты.
«Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі медицина мамандарын қорлауға төзушілік жоқ екені туралы қоғам арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Үшіншіден, медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң қабылдайтын кез келді», – деді ол.