Депутат «Жасыл даму» операторының жұмысын жандандыруды талап етті

Жарияланды

фото: kursiv.media

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, республикада жыл сайын 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі, 2022 жылы оның 25%-ы қайта өңделген.

Депутат Самат Нұртаза Мәжіліс мінберінде Қазақстанға тән экологиялық проблемаларға тоқталып, елдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесінің төмендігін мәлімеді.

Депутат Қазақстанның экологиялық саясатын сынға алып, тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге келгенде «көш соңында» қалып отырғанымызды жеткізді:

Йель университетінің жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан өткен жылы қоқысты қайта өңдеу деңгейі бойынша 175-ші орынды иеленді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісінде біз дамыған елдерден ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша көршілес елдер мен Орталық Азия мемлекеттерінен де артта келеміз. Мысалы, Қырғызстан 106-шы орында, ал Өзбекстан болса 30-шы орында, – деді Самат Нұртаза.

Қазақстандағы экологиялық проблемалар аталғанда, екі мәселенің төбесі қылтиятыны белгілі. Оның бірі – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу болса, екіншісі – тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жағдайы.

Бұл мәселеге қатысты депутат Самат Нұртаза бірқатар ұсыныстар айтты:

  1. ЕcoQoldau цифрлық платформасы арқылы қайталама шикізатты жинау мен өңдеуді субсидиялауға қатысты өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі операторының («Жасыл Даму» АҚ) жұмысы қайта басталсын.
  2.  Экологиялық, санитариялық және құрылыс нормаларын ескеретін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салудың бірыңғай қағидалары әзірленсін.
  3.  Жергілікті атқарушы органдарға жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға және бұрыннан бар полигондардың жағдайын талапқа сәйкес келтіруге қаражат бөлініп, инвестициялар тартылсын.
  4.  Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі мен полигондар санының деректерін жинау мен өңдеудің бірыңғай және дұрыс есебі әзірленсін.
  5.  Электр энергиясы мен биогумус (биологиялық шірінді) алу, кәдеге жарату үшін тұрмыстық қатты қалдықтардан биогаз алу саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар қолға алынсын, – дейді депутат.

Депутат Экология министрлігіне бағынышты «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы бірқатар мәселелерге көз жұма қарап отырғанын дәйектейді. Нақтырақ айтсақ, «Жасыл дамудың» утилизациялық алымнан 1,5 жыл бойы ақша жинағанымен, елдегі қалдықтарды жинау мен өңдеуді жүйелендіретін«EcoQoldau» ақпараттық жүйесінің әлі күнге дейін жұмыс істемей тұрғаны хабарланып отыр.

Ақпараттық жүйенің іске қосылмауы салдарынан экологиялық мәселелер ушығып, қоқыс өңдеу саласы күрделі проблемаларға тап болған.

Екінші кезекте, депутат қалдықтар төгетін арнайы орындардың, полигондардың, тұрақты түрде бақылауда болуын талап етеді. Депутат баяндамасына зер салсақ, 2022 жылы елімізде тіркелген тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жалпы саны 3019 бірлікті құрап отырғандығы айтылған. Алайда оның ішінде экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келетін небәрі 21% ғана, бұған елдегі 5000-нан асатын бей-берекет, стихиялық қоқыс үйінділері кірмейді. Мұндайда, тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі мен полигондар санының деректерін жинап, өңдеудің бірыңғай және дұрыс есебін әзірлеу қажет екені түсінікті.

Депутат қалдықты өңдеуге ғана емес, оны кәдеге жарату жайына да назар салған. Әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, тұрмыстық қалдықты өңдеп, оны аграрлық, энергетикалық өнімге аналдыруға толық негіз бар. Бұл бағытта қалдықтан электр энергиясы мен биогумус өндіру арқылы әлемдегі күрмеуі көп экологиялық проблемаларды Қазақстан мемлекеті де дұрыс жолға қоя алады.

Сондай-ақ оқыңыз