Жаңалықтар

Геологтар дабыл қағуда: жер қойнауын барлауға қаржы тым аз бөлінеді

Еліміз туралы мақтаныш сөздер айту қажет болған кезде ауызға ілігетін бірер ұранымыз бар: «Жер көлемі жөнінен әлемде 9-орындамыз» (ол жер көлемін игере алмай сорлап отырғанымыз да жасырын емес) және «Бізде Менделеев кестесіндегі элементтің барлығы бар». Әуелгі мақтаныш әлі күшінде болса (яғни, ешкім әзірге бізді 9-орыннан ығыстырмады), екіншісінің растығына күмәндана бастағандаймыз. Мұны біз емес, ғалымдар айтып отыр. Кеңестік кезеңде Менделеев кестесіндегі кез келген элементті жер астынан суырып алатын қуатты минералдық-шикізаттық база болды, бірақ оның да шегі бар. Қазіргі ахуал онша емес. Геологиялық барлау ісінің бәсеңдеп қалуына бірнеше фактор себеп дейді мамандар.

Соның бірі – қаржыландыру жайы. Мемлекет қазір геологиялық барлаудың бір шаршы шақырымына 8 доллардан төлейді екен. Бұл көрсеткіш Өзбекстанда – 98, Австралияда – 167, Канадада 203 доллар екен. Оның үстіне, Қазақстанда геологиялық барлау мен жер қойнауын пайдаланудың (көмір қабаттарынан метан өндіруді қоспағанда) ешқандай жеңілдіктері мен преференциялары жоқ. Сондықтан оларды іздеу іс жүзінде таусылды. Геологтар күн сайын кездесетін проблемалар тізбегі де тап осы жерден басталады екен.

Осы мәселелердің барлығы Қазақстан геологтарының І съезінде айтылды.

Геология саласының өзектілігіне Мемлекет басшысы да мән берген болатын. Президенттің қойып отырған талабы бойынша, 2026 жылға дейін еліміздің геологиялық-геофизикалық зерттелген аумағы 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін жетуі тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып ауқымды геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуі керек.

Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаровтың айтуынша, қазіргі геология саласын қаржыландыру жайы мүлде көңіл көншітпейді.

«Барлау ісінде әлі күнге әбден ескірген, өнімділігі төмен технологиялар қолданылады. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан сұранысқа ие емес. Геология саласы – экономиканың іргетасы. Алайда оған әлі күнге назар аударылмай келе жатыр. 30 жылдан астам уақыт бойы бұл сала «көлеңкеде» қалып келеді. Сол себепті еліміздің минералдық-шикізат базасы өзінің аса сүреңсіз кезеңін бастан кешіп жатыр. Мұның соңы табиғи қазба байлықтың таусыла бастауына алып келді», дейді комитет басшысы.

Геологиялық барлау саласын дамыту мақсатында Үкімет геологиялық барлау саласын дамытудың тұжырымдамасын қабылдаған. Онда төрт бағыт қарастырылған:

  • Жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру;
  • Геология саласын цифрландыру және ақпараттандыру;
  • Ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету;
  • Инфрақұрылымды дамыту.

Сонымен қатар мемлекеттік реттеудің дұрыс жолға қойылмауы (геологиялық барлау 12 мәрте бір ведомтсводан келесі ведомство қарауына ауыстырылған) және бизнес пен ғылым және мемлекет өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықтың болмауы сала жағдайын одан әрі мүшкіл ете түскен.

«Біздің комитет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрамына енді. Соңғы 30 жылда комитетіміз 12 рет қайта құрылымдалды. Әр қайта құрылымдауға 6 ай уақыт кетеді, сонда біз министрліктер арасында көшіп-қонуға 7 жылға жуық уақытымызды кетірдік. Әлбетте, мұның бәрі саланың дамуына, комитеттің жұмысына кері салдарын тигізді», деді Ерлан Ақбаров.

Ол сонымен бірге, жеке инвесторларға да мемлекет тарапынан қолдау жасалмайтынын айтады.

«Ұлттық компаниялар – ғылым – бизнес – министрліктер/әкімдіктер – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар желісі бойынша ынтымақтастығы тиімсіз, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық барлауды қаржыландыру деңгейі өте төмен. Жеке инвесторлардың барлауға жұмсаған шығындары нәтиже теріс болған жағдайда өтелмейді және пайдаға салынатын салықты есептеу кезінде есепке алынбайды. Металл емес (жалпы таралған) пайдалы қазбалар назардан тыс қалады», дейді Ерлан Ақбаров.

Отыз жыл ішінде кадр тапшылығы мәселесі де қордаланған. Палеонтологтар мен минералогия саласындағы сапалы мамандар жетіспейді. Бүкіл ел бойынша екі тектонист ғана қалған. Геологиялық карталардың да жаңармағанына көп болған. Демек жер қойнауын пайдаланудың да жолы бұлыңғыр деген сөз.

«Ірі кен орындарының дәуірі аяқталды, қазір біз соқыр кен орындары деген атпен белгілі, жердің жүздеген, мыңдаған метрінде жатқан күрделі қабаттарды зерттеп жатырмыз. Мұндайда жаңа технологиялық тәуекелдермен жұмыс істеуді үйрену, жаңа тәсілдер мен әдістерді пайдалана білу өте маңызды. Егер бізде өзіміздің технология болмаса, онда осыншама бай базамыз бола тұра тек шикізат экспорттауды жалғастыра беретін боламыз. Ал бізге қазір әлдеқайда терең өңдеуге бару керек», дейді комитет басшысы.

Ғалымдардың айтуынша, кен орындарын пайдалану кезінде осы қорларды толтыру туралы да ойлану қажет. Ол үшін жер қойнауын пайдалануды күзетудің тиімді әрі қарапайым жүйесі керек болады. Бірақ Қазақстанда бұған жауапты министрліктер мен ведомстволар сауатсыз шешімдер қабылдап, жасанды түрде ол жүйені өлтіріп жатыр.

«Бәрі бір қолда. Энергетика министрлігі мұнай өндірумен, келісімшарттар жасаумен, жалпы алғанда жер қойнауын рационалды пайдаланумен айналысады. Өнеркәсіп министрлігі де солай, оның да табиғи қазба байлыққа қатысы бар. Ал жер қойнауын қорғау және пайдалану мәселелерімен түрлі ведомство өкілдерінен тұратын ведомствоаралық комиссия айналысуы керек. Мәселен, Геология комитеті геологиялық зерттеуге құқық берсін, ал Энергетика министрлігі – мұнай өндірісіне. Әртүрлі министрліктің өкілінен құралған ведомство аралық комиссия жұмыс істейтін болса сонда дұрыс шешімдер қабылданып, жемқорлық ісі азаяды. Өйткені әртүрлі министрлікпен келісімге келу қиынға соғады», дейді Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукеев.

Қатысушылар съезд қорытындысында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу мәселелері бойынша консультативтік кеңес құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына тәуелсіз эксперттер кірмек.

Сонымен қатар британдық геологиялық қызмет, Ұлыбританияның ғылыми-зерттеу және инновациялар басқармасы мен Қазақстан Республикасының «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатқа сәйкес екі тарап геология, аймақтық геологиялық зерттеулер саласында озық технологияларды енгізу бойынша әрі геологиялық деректер базасын құру саласында тәжірибе алмасып, геологиялық карталарды құрастыру жөнінде заманауи технологияларды қолдану және халықаралық озық тәжірибелерді енгізу туралы ақпаратпен бөлісетін болады.

Айта кетейік, Қазақстан табиғи қазба байлықтың расталған қоры бойынша әлемде үздік ондыққа кіреді.