Тоқаев БҰҰ-да: Біз барлық тарапты қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы өз сөзін қазіргі геосаяси қақтығыс мәселесінен бастады.
«Бүгінде адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өтті. Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады», деді ол.
Сондай-ақ халықаралық құқықтық құжаттар тәртібін сақтамау алаңдататынын айтқан Президент мұның соңы адамазаттың араздығына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
«Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді. Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал».», деді Тоқаев.
Ол Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін мәлімдей келе, шиеленісті диалогпен шешу маңызды екенін айтты.
«Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы. Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз. Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды», деді.
Президент халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынып, қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасау мәселесін көтеріп, оның құрамына Қазақстанды да кіргізуді ұсынды.
«Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек», деді Президент.
Ол сондай-ақ барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін екенін ескертті.
«30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Сондықтан ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін», деді.
COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында адамзаттың дәрменсіз екенін көрсеткенін, Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастауға шақырды.
Ол сондай-ақ дінаралық татулық мәселесіне де тоқталды. Қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайтынын айта келе, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», деді.
Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өткен мелекет басшысы:
«Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз», деді.