Қазақстандағы әрбір екінші шетелдік кәсіпорын Ресейден қоныс аударған
фото: kursiv.media
Жаңадан жарияланған зерттеулерде Ресейден елге ағылған компаниялар көшінің жалғасын тауып жатқаны хабарланды. Мобилизация ықпалымен, халықаралық деңгейде шиеленіскен геоахуалмен тұспа-тұс келген биылғы жылы Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 24,3% өсіп, 54,4 мыңға жеткен.
Қазақстан экономикалық сергелдеңге ұшырағандардың «әлеуметтік баспанасына» айналғандай. Биыл шетелдік компаниялардың абсолютті өсімі тіркелді, яғни – 10,3 мың. Жаңа кәсіпорындардың басым бөлігі – 78%-ы сауда, қызмет көрсету, ІТ кластері кәсіпкерлері және әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы мамандардан тұрады.
Біржақты сауда мен диджитал нарықтың ауқымы артқанын сөз ету негізсіз, баяу өсім экономиканың өзге салаларында да байқалады.
Зерттеуде дәйектелгендей, Қазақстанға кәсіп-нәсібімен бірге қоныс аударатындардың басым көпшілігі Ресейден, кейін Түркиядан:
ҚР-дағы шамамен әрбір екінші шетелдік кәсіпорын Ресейден келеді: 18,6 мың компания, бір жыл бұрын 11,9 мың болған. Біздің елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындардың ішінде ресейлік компаниялардың үлесі 44,9%.
Түрік кәсіпкерлері үлкен айырмашылықпен екінші орында. Тамыз айының соңында Қазақстанда осы елдің 3,7 мың заңды тұлғасы болған. Үздік үштікке Өзбекстан да кіреді, оның резиденттерінде ҚР-да 2,7 мың компания бар (35,7% көбейген).
дереккөз: finprom.kz
Сонымен, ресейлік компаниялардың Қазақстанға «жаңбырдан кейін қаптаған атқұлақтай» көбеюіне себеп болған саяси және экономикалық факторлар екені белгілі. Енді Ресейден келген заңды тұлғалар санына назар аударайық. 2022 жылдың басында – 8 мың болса, бұл көрсеткіш 2,3 есе өскен. Кәсіпкер қоныс аударушылар сәуірде – 8,3%, қазанда 10,4% көбейген.
Кәсіпкерлік миграцияның ауқымды ағынын бәсеңдеткен саясат ретінде көші-қон саясатын айта аламыз.
Бәсеңдеу Қазақстанның көші-қон саясатындағы жаңалықтармен тұспа-тұс келді. Көші-қонды бақылауды жүзеге асырудың жаңартылған ережелеріне сәйкес, ЕАЭО елдерінен келушілер ҚР-да алты ай ішінде жалпы саны 90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде бола алады. Уақытша тұруға рұқсат алу үшін өтініш беру арқылы мерзімді ұзартуға болады. Ол үшін қазақстандық кәсіпорынмен еңбек шартының көшірмесін ұсыну қажет.
Ресейліктерден қандай да бір «тау қопарар» кәсіпті көп байқамадық. Солтүстіктен кәсібін жандандыру үшін келгендердің 99,2%-ы шағын кәсіпорындар. 14,3 мың кәсіпорын сауда, ақпарат және байланыс, техникалық қызмет көрсету салаларының тасын өрге сүйреуді көздейді.
Бұл бағыттар Қазақстан кәсіби маманданған өндірістік бағыттар: тау-кен, металлургия салаларымен қабыса қоймайды. Нарықтағы өңдеуші емес, өндірістік құрамдарға Түркия, Өзбекстан және Қытайдан келетін заңды тұлғалардың бел шешіп, білек сыбана кірісетіні айтылады.
Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі $28 млрд болды, нәтиже 2021 жылғы көрсеткіштен 17,7%-ға артық ($23,8 млрд).